Бүгін ондаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жұмысшылары жалақыны көтеру мәселесімен жиналып, жауап беруге ректорды шақырды. Алғашында ректордың кеңесшісі келіп жалақы қайта саналып жатыр деді, — деп хабарлайды «Орда».
Бірақ жиналған жұмысшылардың қайтпай тұрғанын көрген ректор, жергілікті атқарушы билік, прокуратура қызметкерлерін шақырған болатын.
Мемлекеттік оқу орнының техникалық қызметкерлері уәждерін, яғни ректорға кіре алмайтындарын, оған «қолдары жетпейтінін» айтады.
Еден жуушы, ұста, қойма қызметкерлері сынды ең аз айлық алатын азаматтар үшін бұл «жаңалық» төбелерінен жай түскендей әсер еткен. Өйткені, олардың айлық жалақылары әрқалай: 20, 40, 50 пайызға дейін қысқарып кеткен. Мысалы, осы уақытқа дейін 140 мың айлық алатын қызметкерге небәрі 70 мың жалақы түскен. Онсыз да аз айлыққа жұмыс істеп жүрген азаматтар бұл өздерінің құқықтарының өрескел бұзылғандығы деп біледі.
Айта кетейік, бірер күн бұрын ғана осы университеттің оқытушысы студенттерден пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын.