Жамбыл облысының полицейлері балаларының көзінше өз-өзіне қол жұмсағысы келген ер адамды құтқарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарысу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Азат Ботабек пен Сарысу АПБ жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы Жанаділ Қобжанов 1 ақпанда облыс орталығына қызметтік іссапармен барған. Олар түскі сағат 14:00 шамасында шағынаудандағы үйлердің бірінің маңынан өтіп бара жатып, пәтер терезесін сындырған ер адамды байқаған. Полиция қызметкерлері ойланбастан үйдің кіреберісіне қарай жүгіріп барған. Олар жылап жатқан балалардың көз алдында ер адам терезе әйнегінің сынықтарымен өз тамырын кеспек болған сәтінде пәтерге кіріп үлгерген. Осылайша, қызметкерлер ер адамды тым асығыс жасалған қадамнан құтқарған. Оның мас күйде екені анықталды. Одан бөлек, үйде кәмелетке толмаған екі бала болған.
Үй иесі әйелінің айықпас ауруы туралы білгеннен кейін осындай үмітсіз қадамға бел буғанын айтқан. Полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін ол өзінің қателігін түсініп, өмірін сақтап қалғаны үшін оларға алғыс айтты және енді асығыс әрекет жасамайтынына уәде берді.