Бүгін, 26 маусымда Жамбыл облысы, Гвардейский оқу орталығында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының және ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырумен «Jiger» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында әскери-далалық лагерьдің ашылу салтанаты өтті.
Бұл жоба тұңғыш рет пилоттық жоба ретінде Алматы қаласы және Жетісу облыстарында жүзеге асырылып жатыр.
Әскери-далалық лагерьге 18-ден 24 жасқа дейінгі Алматы қаласының жұмыспен қамтылмаған 30 жасы қатысуда. Лагерь 17 күнге созылады. Лагерь аясында әскери оқу-жаттығу жұмыстары, жастардың далалық машықтарын пысықтау, жеке құрамға жаңа техникаларды таныстыру, оқу-жаттығу барысында жауынгерлік техникамен қару жарақтың түрлерімен танысу, әскер бөлімдерін және әскер түрін соғыс тәртібіне келтіріп, жастардың тактикалық білімін жетілдіру және т.б. жұмыстарды жүргізу жоспарлануда.
Әскери-далалық лагерьдің ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы күштерінің өкілдері, спортшы Темір Спатай, «Алаш арландары» қозғалысының төрағасы Ермек Албан, журналистер қатысты.
Әскери-патриоттық тәрбие — азаматтардың, әсіресе, жастардың әскерге шақырылғанға дейінгі және әскердегі жастардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген адалдық сезімдерін тәрбиелеуді қалыптастыру жөніндегі маңызды бағыттардың бірі. Осы бағытта ұйымдастырылып жатқан әскери-далалық лагерь қатысушыларына сәттілік тілейміз! – деді, қол күрестен әлем чемпионы Темір Спатай.
Жоба координаторы Бағлан Шақапұлы жиналғандарды құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды:
«Бүгінгі әскери-патриоттық лагерімізге жастарды қолдап келгендеріңізге алғысымыз шексіз. Осындағы әрбір жас сарбазға генерал ағаларының отан үшін ойланбастан жасаған ерліктері мен өмір жолы қашан да үлгі, қарулы күштер қатарында тайсалмай қызмет ететіндер үшін бағдар болып қалатыны сөзсіз. Жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу барысында бізбен бірге болғаныңызға қуаныштымыз.
Ия, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру — бұл еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі. Өз елінің патриоты болу — өзінің ар-намысы және жеке қадір-қасиеті бар кез келген адам үшін әрқашан құрмет.
«Патриот болу — өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өзіңнің тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсың». Ендеше, лагерь қатысушыларына сәттілік!»
30212 әскери бөлім командирі, ұлан полковнигі УРКИНБАЕВ САБИТ ӘЗІРБАЙУЛЫ әскери-патриоттық лагерьдің қатысушыларына сәттілік тілеп, алдағы оқу-жаттығу жұмысының жоспарымен таныстырды.
«Отанды сүю, отанды қорғау бәрімізге ортақ парыз. ҚР Конституциясының 36 бабында ҚР-ны қорғау, оның әрбір азаматының қасиетті парызы, деп айқын көрсеткен. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастарының қолында. Қай заманда болсын қоғамның қозғаушы күші жастар» — екендігін атап өтті.
Гвардейский гарнизоны Ауған соғыс ардагерлерінің төрағасы ТЕРЛИКБАЕВ ТАЛАСБЕК, жастармен өз тәжірибесімен бөлісіп, әскердің тәртіптері бөлісті.
«Jiger» әскери-далалық лагерь тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Лагерь жұмысына сәттілік тілейміз. Қайта жаңғырған ұлттық тәрбиенің маңызды бір бөлігі болып табылатын патриоттық сана-сезімді жастардың бойында қалыптастыру ең өзекті мәселелердің бірі.