Алматының “Алатау” дәстүрлі өнер театрында аңызға негізделген феерия жанрындағы “Qulan” спектаклі таныстырылды, деп хабарлайды Tarazy
Көпшілікке аян «Ақсақ құлан» — даналықтың, күштің және қайтпас рухтың символы іспеттес. Осындай халық аңызынан шабыт алған пластика мен сазды әуен қойылымда біртұтас ағымға тоғысып, оқиға көркемдік
шешімдермен баяндалған. Бостандық пен әділет үшін күресті суреттейтін, батылдық пен ерік-жігерді баса көрсететін спектакль визуалды ерекше әсемдікпен ұсынылады.
Аңызда кұланның құлынынан айырылуы — адамның да өз баласынан айырылуындай қайғымен тең екенін көрсетеді. Кейде биліктің ауыр жүгін арқалай алмай, істің шегі мен шетін сезбей, қателікке бой алдырғанда, тағдыр қалай жөнге салмақ? Бұл оқиға — табиғат заңына қарсы келіп, адами құндылықтарды жоғалтқанда адамзатты не күтетінін суреттегендей. Халық даналығына толы аңыздың үні домбыраның ғажайып күмбірімен астасып, көрерменге сан ғасырлардан бері маңыздылығын жоғалтпаған түйінді ой салады.
Қойылымның шығармашылық ұжымы негізінен жастардан құралған. “Qulan-ға” жүрексінбей кіріскен жас режиссер Арухан Темірбекқызы. Өзінің алғашқы туындысы екенін мақтанышпен айтады. Актерлық құрам да жастардан құралған. Жаңаша сипатта, өзгеше жанрда сахналанған қойылымды “Алатау” дәстүрлі өнер театрынан тамашалай аласыздар.