Әскери өмірдің айбыны саналатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 32 жыл қатарынан ел игілігі мен қоғамдық қауіпсіздік жолында табанды түрде қызмет етіп келе жатыр. Ширек ғасыр бойы өз қызметін мінсіз атқарған қуатты құрылымның қатары биыл да жас сарбаздармен толығып отыр.
Өткен сенбіде Алматының қақ төрінде орын тепкен5571 әскери бөліміне кеше ғана аяқ басқан жас сарбаздардың ант қабылдау шарасы өтті. Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаздың басынан өткеретін рәсімі. Көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеудің жауапкершілігі жоғары екені белгілі. Осы күндері 2024 жылдың бірінші шақырылым сарбаздары әскери бөлім аумағында түрлі оқу әдістемелік жиындарына қатысып, әскери тәртіпке бағынып, Жарғыға сай жүріп-тұрудың қыр-сырымен танысып жатқаны белгілі.
Ұлттық ұланның генерал-майор Талапкер Әміреев басқаратын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің жас жауынгерлері,маусым айының басынан бастап Жетіген елді мекенінде орналасқан 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында жас жауынгер курсынан өткен болатын. Оқу орталығының жұмысына 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Нұрлан Сүгралиев басшылық жасады.
Ұлттық ұлан қатарына Астана, Шымкент қалаларынан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан бір ай бұрын шақырылған 600-ге жуықжас сарбаз аз уақыттың ішінде әскери тәртіпке үйреніп, алғашқы дайындық кезеңінен өтті. Ұлттық ұланның міндеттерімен танысты. Әскерге іштей тас-түйін дайындықпен келген кешегі бозбала бүгін сарбаз болып, Отанына адал қызмет етуге ант берді.
Ант қабылдау шарасы күні оку пункті орналасқан 5574 әскери бөлімнің алаңында салтанатты сап түзеді. Жеке құраманың оркестр ұжымы да салтанатты киімдерін киіп, үрмелі-соқпалы музыкалық аспаптарымен рухты әуендерді әуелетті. Әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы поковник Әлібек Қабешов әскери антты қабылдау шарасын ашық деп жариялаған соң, оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді. Мемлекеттік туды көтеру құқығы 3 оқу ротасының үздік сарбазы қатардағы жауынгер Ерасыл Нышанбайға берілді.
Тиісті бұйрық берілген соң сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдауға кірісті. Кенет, бір мезетте бірінен соң бірі тартылған сымдай тізіліп, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаруға серт берген сарбаздардың жарқын дауыстары әскери бөлім аумағын жаңғырта жөнелді.
Жалынды дауыстардан жігерленген жігіттердің қатарында ғажайып өлке, шырайлы Шымкент шаһарынан келген жас сарбаз Димаш Бейбітов теболды. Теміржол саласындағы «Тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығын меңгерген ол, колледж бітіріп, диплом алған күні-ақ әскерге аттаныпты.Бүгінде 18 жасқа толған жас жігіт әулетінің абыройын асқақтатып, ата аманатын арқалап келгендей. Өйткені, жауынгердің ант қабылдау шарасына оның атасы Бейбіт Арысбаев ақсақал мен ата-анасы да Шымкенттен ат терлетіп, Алматыға келіпті.
— Димаш – ұлдан көрген тұңғыш немерем болғандықтан, мен үшін оның амандық-саулығы, Отан алдында атқарған қызметі зор маңызға ие. Сондықтан да мен оның әскери ант қабылдау шарасын көріп, көңіл марқайту үшін арнайы келіп отырмын, – дейді жас сарбаздарға батасын беріп өрелі сөз айтқан 60 жастағы ақсақал.
Ал Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылып, тап осы күні ант қабылдаған қатардағы Ерсұлтан Ыбыраевтың көңілі асқақ, жүзі жарқын. Оның салтанантты жиындағы осындай келбетін көру үшін Петропавл қаласынан ата-анасы келіпті.
— Тұңғыш перзентімнің дүниеге келгенін, Ерсұлтанның тәй-тәй басқан шағын көргенде, оның Отан алдындағы әскери ант қабылдау шарасын өз көзімізбен көріп, неге қуанбасқа деп арнайы келдік, –дейді жас сарбаздың әкесі Ерболат Ибраев.
Жауынгерлік қызметтегі маңызды рәсім аяқталған соң мінберге 5571 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы поковник Әлібек Қабешов,ардагерлер мен балаларының ант қабылдап, сарбаздар қатарына қосылғанын көргелі келген ата-аналар шығып, құттықтау сөз сөйледі.
— Әскери ант – әскерилер өміріндегі ерекше рәсім. Ант қабылдау арқылы сіздер Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды қалтқысыз атқаруға, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға, әскери істі мұқият үйреніп, оның ауыртпалықтарын көтере білуге, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндеттеме аласыздар. Алдағы уақытта мемлекет пен халық алдындағы конституциялық борыштарыңызды атқару кезінде барлықтарыңыздың осы қабылданған антты бұлжытпай орындап, әскери қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін, — деді поковник Әлібек Қабешов әскери ант қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Ант қабылдау рәсімі атқа мінер азаматтардың өмірінде бірақ рет болатын тарихи сәт. Бұл рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаздардың бойындағы патриотизм, Отанға адал болу, сондай-аққұқықтық тәртіп әскерінің қатарында абыройменқызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді. Сайдың тасындай сараланған сарбаздар бұл міндеттердің салмағын анық сезінеді. Олай дейтініміз, олардың саптық жүрісінен, әскери мәдениеті мен темірдей тәртібінен осы жауапкершілік айрықша байқалып тұрды.
Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер келген қонақтар мен ата-аналарға бір ай көлемінде үйренген жауынгерлік ұрыс, қарумен және қарусыз саптық тәсілдерді орындаудан көрініс көрсетті. Сондай-ақ бөлімнің әскери оркестрінің әуелеген плац-концерті мен дефиле қойылымдары тамашаланды.
Әскери ант қабылдау шарасы соңында жас жауынгерлерге ата-ана, туыстарымен бірге қала аралап, серуендеп қайту мүмкіндігі берілді. Әскери бөлім басшылығының шешімімен, жауынгерлер жоспар бойынша уақытылы қалаға шығып, белгіленген кезде әскери бөлімге қайта оралды.
Әскери ант беру дәстүрі – сарбаздың серті және сол сертін халықтың алдында жариялауы. Ант берген сарбаздарға абыройлы қызмет тілеп, анттарыңа адал болыңдар дейміз!
Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ,
Алматы қаласы