«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы филиалы жыл басынан бері қалалық көше желілерінің сапасын тексеріп, жол құрылысы жұмыстарына бақылау жүргізуде. Мекеме 2024 жылдың қаңтарында «Алматы қаласы бойынша қалалық мобильдік басқармасы» КММ-мен көше-жол желісі бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуге 150 млн.теңгеге келісімшарт жасалды. Ведомствалық сараптама жүргізуге 90 млн тг бөлінді.
Жыл басынан Алматының 8 аудан әкімдіктерімен 80 млн.тг ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексеру бойынша келісімшарт жасалды.
2024 жылдың басынан ЖАСҰО Алматы филиалының мамандары 158 тексеріске шықты. Жолдағы асфальт қабатынан, құрылыс барысында 240 сынама алынды. Осы алынған сынаманың 28-і талаптарға сәйкес болмай шықты. Тексеріс барысында түрлі деңгейдегі 90 ақау анықталды. Оның 62-сі өрескел, 23-і маңызды, ал 5 ақау маңызды емес.
Аталған мекеменің Алматы қалалық филиалын басқаратын Мәулен Әліповтің айтуынша, Алматы жолдары өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері.
«Біздің есептеулеріміз бойынша, қалалық жолдардың 86%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 92%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Өңірлерге байланысты ахуалдың қандай екенін айта алмаймын.Биыл Алматыдағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында біздің мекеме белсенді жұмыс атқаруда. Тіпті, жол сапасын бақылау, қадағалау ісіне қатысты ел президенті де, Үкімет басшысы да тапсырма беріп жатыр», деді Мәулен Тоқтарбайұлы.