Арыста ұрлық жасады деген күдіктілер ұсталды, — деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.
Арыс қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті дамылсыз күзетіп жүрген Ұлттық ұланның жауынгерлері ұрылардың жолын кесіп, травматикалық тапаншамен жүрген бір азаматты ұстады.
Түнгі патрульге шыққан капитан Елдос Берденов және қатардағы Алмат Құлғарашев ішкі істер органының қызметкерімен бірге қалалық әкімдіктің маңында жүрген бір азаматты байқайды. Жүрісі күдік тудырған азаматты тексеру барысында, оның травматикалық тапанша мен төрт оқты қойнына тығып алғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, «Арыс — Монтайтас» тас жолы бекетін бақылап тұрған аға лейтенант Думан Калкеев және кіші сержант Ғалым Байбатшаев өтіп бара жатқан автокөлікті құжаттарын тексеру үшін тоқтатады.
«Тексеру барысында автокөлік ішіндегі азаматтар сөздерінен жаңылып, айтқандары бір-бірімен сәйкеспей жатты. Қипақтап сөйлегендері мен іс-әрекеттері күдік тудырған азаматтардың машинасын тексеру барысында, оның ішінен азық-түлік, құрылыс материалдары, спирттік ішімдіктер, темекі будасы, тірі қой, машинаның дөңгелегі сияқты т.б заттар шыққан. Аталған заттардың дүкеннен ұрлануы мүмкін екендігі айқын. Күдікті адамдарды ұландықтар бірден ұстап, әрі қарай тексеру мақсатында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне табыстады», — делінген хабарламада.
Арыс қаласында Ұлттық ұланның 500-ден аса жауынгері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша қызмет атқарып жүргендігін естеріңізге саламыз.