Оқушылар тамақтану орындарына арналған жаңа төлем жүйесін ойлап тапты

0

Шымболат Тналиев, АҚШ-тағы Вирджиния университетінің студенті: Зияткерлік мектеп оқушыларымен бір командамыз

Оралдағы Зияткерлік мектеп түлектері мен оқушылары тамақтану орындарына арналған жаңа төлем жүйесін жасақтады.

«Pie Pay» бойынша тұтынушы мекеме ұсынған арнайы pау карта арқылы төлем жасай алады. Жоба жетекшісі – АҚШ-тағы Вирджиния унисерситетінің студенті, мектеп түлегі Шымболат Тналиев. Талапты жас Финляндия, Түркияда білім алып жатқан мектеп түлектері мен оқушылардың басын қосыпты.

– Шет елде қазақстандық студенттер маған көп көмектесті. Мен де білген-түйгенімді өзгелермен бөлісуді парызым деп санаймын. Біздің шетелде жинақтаған тәжірибе мен оқушылардың білімі бір арнада
тоғысты, – деп бөлісті Шымболат.

Команда мүшелерінің әрқайсысына түрлі міндеттер жүктелген: бірі бағдарламалаушы қызметін атқарса, қалғандары дизайн жасау, қаржылық сұрақтарды реттеу, маркетинг, ұйымдастыру жұмыстарына
жауапты. Жастардың сөзінше, жаңа төлем жүйесі уақыт үнемдейді, тапсырысты жеделдетеді. Сонымен қатар жеке мәліметтер қажет болмағандықтан, тұтынушы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. Көп ұзамай Алматының тамақтанатын мекемесінде тестілеуден өтпек.

– Біз бұл жобаны «трамплин» деп атар едік. Себебі стартапты бастау, өнімді ұсыну жолдары, компаниялармен қарым-қатынас сияқты тәжірибе жинақтап жатырмыз, – дейді 11-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы.

Түлектерден үлгі алған оқушылар да мектеп игілігі үшін бірқатар жобаны қолға алған. Даниярдың сөзінше, қазір оқушыларға арналған дербес сайт жасалуда. Сонымен қатар облыс мектептері оқушыларының
қатысуымен түрлі жарыстар ұйымдастыру жоспарда. Айта кететіні, команда мүшелері – мектептегі робототехника курсының қатысушылары. Осы жерде олар әркімнің белгілі бір салада қабілеті бар екенін аңғарыпты.

«5-сыныптан бастап шетелде білім алуды армандадым. Арманымды ақиқатқа айналдырған физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұстаздарына алғыс айтамын. Басты жоспарым – Отаныма оралып, электр энергетикасы саласына үлесімді қосу», – дейді болашақ инженер Шымболат.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.