Демеушілер Тараз қаласында бес спорт алаңшасын салады

0

Жамбыл облысының орталығы Тараз әкімі Қайрат Досаев қала бойынша 51 спорт алаңы салынатынын айтты, – деп хабарлайды Тarazy.kz.

«Аймағымызда бұқаралық спортты дамыту басты назарда. Қала бойынша спорт алаңшаларын салу, қалпына келтіру және жаңғырту жол картасы әзірленіп, жалпы 51 спорт алаңшаларын салу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде, 9 – жеке меншік, 27 – бюджет және 5 – демеушілер есебінен салынуы, ал 10 спорт алаңшасын қайта қалпына келтірілу жұмыстары жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 5 спорт алаңшасының құрылысы аяқталып, 6 спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта қалған спорт алаңшаларын салу жөнінде конкурс жарияланатын болады», – деді Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев.

Айта кетейік, биыл шілде айында Тараз қаласының 11-мөлтек ауданында жаңа үлгідегі балалар спорт алаңы ашылды.

Бұл – паралимпиадалық жүзуден әлем чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаның шаһар тұрғындарына тартқан сыйы. Мұнда баскетбол, шағын футбол ойнап, әткеншек тебуге болады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Жаңа алаңды жасақтау үшін танымал спортшы 4 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсапты.

соңғы жылдары облыстың дамуына кәсіпкерлер мен меценаттар белсенді үлес қосып келеді. Биыл өңірде «Туған жер» бағдарламасы аясында 52 жоба сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде, жаңа мешіт, балабақша және спорт алаңдары пайда болды.

«Балалар алаңын қайта қалпына келтіру көршілерімнің өтініші болатын. Өйткені ол әбден тозып, сынып тұрған еді. Ал балалардың ойнайтын жері болмай қалды. Тіпті доп тепсе де, жақын маңдағы көліктерге тиіп, терезелерін сындыруы мүмкін. Сөйтіп бұл істі қолға алдық. Нәтижесінде, шағын спорт алаңы пайда болды», — дейді паралимпиадалық жүзуден әлем чемпионы Зүлфия Ғабидуллина.

Осыған дейін облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсырмасына сәйкес өңірде барлық спорт нысандарына зерделеу жүргізіліп, олардың 203-інен түрлі деңгейдегі ақаулар анықталған болатын.

Айта кетейік, бүгінде 132 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Ендігі кезекте 68 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның 17-сі Тараз қаласына, қалғандары аудандарға тиесілі.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.