Биыл Жамбыл облысында 24 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өтті

0

Жамбыл облысында суармалы алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр, – деп хабарлайды Tarazy.kz. Кезінде каналдардың бұзылып, тоғандардың талқандалуынан суармалы алқаптардың азайып кеткені белгілі.

Аймақтағы суармалы егістік алқаптарын арттыру – өнім көлемі еселеудің негізгі тетігі. Бүгінде бұл бағытта жамбылдықтар алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Мәселен, өңірде өткен жылы құрылған «мехотряд» 99 шақырымды құрайтын 27 канал мен 5 су қойманы тазалап, 6,6 мың гектар суармалы алқапты айналымға қосты.

Бұл ретте «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты 106 су қоймасы бар. Ондағы 61 қоймаға жиналған су арқылы шаруақожалықтар өздеріне тиесілі 10800 гектар алқапты суаруда. Жалпы алғанда, биыл облыс бойынша 24 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 1 су қоймасы қайта қалпына келтірілмек.

Ал «Талас-Аса» КММ жыл басынан бері ұзындығы 68 шақырым болатын 12 каналды тазаласа, жыл соңына дейін 25 шақырымдық 5 каналды іске қоспақ. Осылайша, олар биыл облыста барлығы 8 мың гектардан астам суармалы алқапты айналымға енгізуді жоспарлап отыр.

«Алайда, өткен жылғы түгендеу бойынша, өңірде 552 шақырымды құрайтын 112 каналдың тозығы жеткендігі анықталған. Бұл қарқынмен жұмыс жүретін болса, каналдарды тазалау жұмыстары 5-6 жылға созылмақ. Асқар Исабекұлы бұл мәселеге айрықша назар аударып, барлық каналдарды қалайда 2 жылда тазалап, іске қосу керектігіне көңіл бөліп отыр. Ол үшін барлық қажеттіліктер қарастырылмақ. Өз кезегінде өңір басшысы мекеменің техникалық базасын нығайтып, жұмысты күшейте түсуді тапсырды. Сонымен қатар, өңірдегі барлық тазалауды қажет ететін каналдардың саны мен ұзындығын қайта анықтау керектігін, ол үшін түгендеу мен есептеу шараларын мұқият жүргізуді жүктеді», – дейді облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Нұрадин Рақай.

Қазіргі таңда «Талас-Аса» су шаруашылығы ұзындығы 62 шақырым су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, 19 каналды тазалап, жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр.

Ал жыл аяғына дейін Талас ауданындағы Тамды суару жүйелері алқабындағы 16 шақырым каналды да тазалап қалпына келтірмек.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.