Мектепте жақсы білім алу – оқушының басты міндеті. Ол үшін оқу ордаларын заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, барынша жағдай жасау бүгінгі күннің талабы. Білім күні – әсіресе, мектеп табалдырығын ең алғаш рет аттаған балалар үшін өте маңызды, көптен күткен күн. Бұл ретте биылғы Білім күніне орай Жамбыл облысында 5 бірдей мектептің пайдалануға берілгені аталған мектептердің ұстаздар ұжымы, оқушылар, олардың ата-аналары үшін үлкен қуаныш болғаны сөзсіз.
Білім күніне орай пайдалануға берілген мектептердің бірі Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектеп.
Бұл Бірлесу-Еңбек орта мектебі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтеріп отыр. Орайы келгенде айта кетерлігі, жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалыпты. Мәселен, мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттері бар.
Биыл мектепте барлығы 250 оқушы екі ауысымда оқымақ. Оқу ордасында 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызын – жас мамандар құрайды.
«Жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді. Бұл — бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадам. Облыста 2019-2020 оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның біреуі үш ауысымды, біреуі апатты жағдайдағы және үшеуі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешіп отыр.
Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық, Байзақ ауданы Ақшолақ станциясындағы 120 орындық, Шу қаласы Тоғай алқабындағы 300 орындық, Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық, Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта және бастауыш мектептері жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отыр», — деді өңір басшысы Асқар Мырзахметов құттықтау сөзінде.
Қазіргі кезде өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілген. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтып берді.
«Жыл соңына дейін тағы 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде», — деді Рахия Тұрмаханбетова.