Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Отбасы күніне орай оқырмандар арасында отбасы құндылықтарының маңызын дәріптеу мақсатында «Ынтымағы жарасқан отбасы» тақырыбында өнегелі, өнерлі Қамбатыровтар отбасымен кездесу кешін ұйымдастырды.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері отбасы кіші әлеуметтік топ, ұрпақтар сабақтастығы, мәдениеті мен рухани құндылығының қазынасы дей келе, қанша жыл отасса да бірлігі мен берекесі таймаған, күннің шуағындай жылылығымен баурайтын мерейлі айтыскер-ақын Ербол Қамбатыров пен ақын, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, еліміздің Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенованың отбасымен таныстырды.
Үлгілі отбасы Үміт Битенова мен Ербол Қамбатыров кездесу барысында өздерінің қалай танысқандарын, ары-қарай тағдырларын қалай қосқанын баяндап берді. Жастарды таңғалдырған бір мәлімет олардың 3 жасынан бері бір-бірлерін тануы болды.
— Біз жай ғана таныс, жақын дос болып өстік. Мен оқу бітіріп келгеннен кейін ғана арамызда сезім пайда болды. Махаббат кішкентайдан басталады екен деп шатаспаңдар, қарақтарым. Жүрегің ерекше құбылысқа дайын болған кезде басталады бұл махаббат деген. Өзіңнің өміріңді өзгеге арнауға дайын болғанда келетін сезім, – деді бала кезде махаббат болмағанын айтқан Үміт Битенова.
Өнер жолында бірге жүріп, отбасылық өмірде сыйластық пен адамгершілікті жоғары бағалап, бойларындағы дарынды жетілдіруде аянбай еңбек еткен өнегелі отбасы жеткен жетістіктерін керемет көркем тілмен жиналған көпшілікке жүрекпен жеткізді. Өнерлі отбасының қос ұлдары Бағлан мен Жасұлан ана сүтімен дарыған дарын иесі екендерін мақтанышпен жеткізіп, көрерменге өз өнерлерін көрсетті.
Абай атындағы жоғары гуманитарлық колледжінің 2 курс студенті Нұрғиса Төребек Үміт Битенованың «Мама» әнін орындады. Қонақтарға оқырмандар тарапынан сауалдар қойылып, көңілге қонымды жауаптар берілді. Кеш өте әсерлі өтіп, оқырмандарға көтеріңкі көңіл сыйлады.