Биыл 45 жобаға 16,6 миллиард теңге қарастырылып отыр

0

Өңірде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалары аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аталған бағдарламаларды іске асыруға ҚР Ұлттық қорынан және жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылған. Осы орайда аталған қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының партия фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссия мүшелері облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына рейдке шықты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 45 жобаны іске асыруға 16,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Оның ішінде «Жылумен қамту жүйелерін жаңғырту» бағыты бойынша республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге несие бөлінген. Бөлінген қаражат аясында облыс орталығындағы Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді, Ниетқалиев көшелері, Жамбыл даңғылы бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-2 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Айта кетерлігі, бұлар өткен жылдың өтпелі жобалары. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде 9,3 шақырым жылу желілері жаңғыртылмақ.

Дегенмен рейд барысында саладағы жұмыстан өгіз аяңға түскен тірлікке көз жеткіздік. Олай дейтініміз, көктемде басталған жұмыс қоңыр күзде де аяқталар түрі жоқ. Мердігерлер жетпіс желеу, сексен сылтауды алға тартып созбақтауда. Нақтырақ айтқанда, Ташкент көшесінің бойын қазып жатқан «Techno Construction Company» ЖШС өздеріне жүктелген жұмысты 31 тамызда бітіру қажет болғанымен, қыркүйек айының алғашқы онкүндігінің ішінде де жұмыстарын аяқтай алмауда. Аталған серіктестіктің техникалық директоры Мелдіхан Нұрышевтің айтуынша жерді қазу барысында Төле би көшесіндегі екі канал кедергі келтіріпті. Сондай-ақ аталған көше бойындағы №7 үй тұрғындарымен келіспеушіліктер орын алыпты. Бүгінде ондағы тұрғындармен келісімге келген серіктестік өкілі осындай мәселелер жұмыстың кешеуілдеуіне сеп болды дейді. Өз кезегінде комиссия мүшелері жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Мұнан соң топ мүшелері Ниетқалиев көшесіндегі жылу құбырларын ауыстырып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда да уақыттан кешігу ісін байқадық. Оған себеп – Ресей асып келетін құбырлардың уақытында жеткізілмеуі екен. Салдарынан қазылған жол үсті көлік қатынасына кедергі келтірсе, тұрғындарға қауіп төндіруде. Дегенмен «Жилстрой» ЖШС басшысы Мұхамедқали Өмірбаев бүгінгі күні өздеріне тапсырылған 11 шақырымның 9 шақырымына құбыр тартылып қойғанын алға тартып, жылыту маусымына дейін құрылысты толықтай аяқтап үлгереміз дейді.

«Бүгінде қалада «Жылумен қамту жүйелерін жаңғырту» бағыты бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ол жұмыстардың барысында кестеден кешігулер байқалады. Себебі жұмыс уақытында басталмаған. Яғни сәуір айының 4-жұлдызында басталуы тиіс құрылыс мамыр айының ортасында басталған. 31 тамызда аяқталуы тиіс жұмыстар қалада әлі де жалғасып жатыр. Бірақ мердігер компаниялар ыстық су мен жылуды уақытылы беру қажет. Алдағы уақытта партияның бақылау комиссиясының отырысында аталған жұмыстардағы кемшіліктерді қарап, ұсыныстар беретін боламыз», – дейді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Абай Нұржанов.

Комиссия мүшелері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 15-ықшамауданда бой көтеріп жатқан пәтерлердің сапасына көз жеткізді. Ондағы жұмыстың барысына көңілі толатындықтарын білдіріп, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.