Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы арасында әуе тасымалы іске қосылады. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауданға арнайы барған жұмыс сапары барысында жауаптыларға нақты тапсырма берген болатын.
Мойынқұм – облыс орталығынан ең шалғайда жатқан аудандардың бірі. Екі ортадағы жол қиындығы қатынап жүрген жолаушылардың көптен көңілінде жүргені даусыз. Бұл мәселе енді оңынан шешілмек.
«Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе маршруттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстарын жүргізілуде»,-дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан облыс орталығына біркездері яғни, 1966-1990 жылдар аралығында күнделікті 2 рет АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен әуе тасымалы қызмет көрсеткен. Алайда, Республикамыз тәуелсіздігін алған жылдары еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе маршруты жұмысын тоқтатқан.
Алдағы уақытта ол қайта жаңданып, көптің тілегі орындалмақ. Әуе тасымалы іске қосылғанда екі арадағы автокөлікпен жүрілетін 4-5 сағаттық жол екі есе қысқарып, 1-1,5 сағатта жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде.