Жандарбек Бұлғақов айтысқа олимпиадалық жүйені енгізу керек дейді

0

Ілгеріде бір кездесуімде Жүрсін ағама @zhursin_yerman «келесі айтыстарда ақындарды сахнада, яғни, жұрт көзінше жұптасаңыз дұрыс әрі әділетті болады»- деп ұсыныс айтып едім. Ол кісі де осы идеяның көптен бері жоспарында жүргенін, қарсы емес екенін білдірген болатын. Бұл – менің ойлап тапқан жаңалығым емес, айтыс әділетті әрі таза өтуі үшін айтыскерлер сахнада, елдің көзінше жұпталуы тиіс екенін ақын Ринат Зайытов та бір емес, бірнеше рет айтқан еді, өзім куә. Менің ойымша, қазіргі айтыскер ақындардың көпшілігі суырып салып, ‘тап бермеде тауып айтатындай’ өте жоғары деңгейде. Сондықтан бұл тәсіл ақындарды да, айтысты да жаңа деңгейге көтермесе, зияны жоқ деп ойлаймын. Биыл бірінші рет Қырғыз Республикасына барып, Бішкектегі айтысқа қатысуға мүмкіндік алдым. Олардың бір ерекшелігі – айтыскер ақын кіммен айтысатынын соңғы уақытқа дейін білмейді екен. Қанша рет айтыссаң да, жұбыңды жұрт көзінше, жеребе тарту арқылы анықтайсың. Иә, барлық айтыс классикалық деңгейде болмауы мүмкін. Бірақ жұпталуың, суырып салып өлең құрауың – бәрі әділетті түрде, көрерменнің көзінше болған соң, елдің де ақындарға деген ықыласы, сенімі жоғары болады. Шашырап шыққан ойларыңа кешіріммен қарап, тауып айтқан сөзіңе алақанын аямай соғады.Біздің қазіргі айтысқа қажетті тағы бір дүние- жүз айтыстың бірінде ғана ‘екі ақын тең түсті’ деген шешім болмаса, қалған айтыстың бәрінде ‘жеңді, жеңілді’ деп олимпиадалық жүйені орнату керек сияқты. Бірінші күні айтысқан ақыныңмен екінші күні де жұптасып қалмауың үшін екеудің біреуі жеңіліп, жарыс жолынан шығып отыруы керек. Қазылар алқасы да әр айтыстан кейін кімнің не үшін жеңгенін, кімнің не үшін жеңілгенін анықтап айтып берсе, айтыстың қорытындысына қатысты дау-дамай көп болмайтын еді. Ақын @serik_kaliev ағамның: «мен жюриде отырғанда қолымдағы көтерген ұпайды сахнада отырған ақынға емес, алдымен өз-өзіме берген баға деп түсінемін. Бір ақынға 10 деген бал берсем, міне, мен үшін бұдан асқан айтыс жоқ, менің деңгейім осы, мені разы қылатын айтыс – осындай айтыс деген сөз ғой» деп айтқаны бар еді. Сондықтан айтыскер ақындар мен жыршы термешілер одағы ақындарды жұптау мен бағалаудың жаңа һәм көне системасын қайтадан орнатуды қолға алса екен демекпін

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.