Нұр-Сұлтан астанамыздың қауіпсіздік мәселелері бойынша маңызы

0

Қазақстанның терроризм қаупінен сақтануына ел астанасының Алматыдан Астана қаласына көшірілуі де әсер етті деп батыл айтуға болады. Бұл қадамның геостратегиялық және геоэкономикалық міндеттерді шешуге көмектескені, жаңа Астананың елге инновациялық және индустриалдық ықпал жасауы бір төбе. Мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан да бұл қадам стратегиялық және жоғары саяси тиімділік нәтижесін береді. Оңтүстіктен жергілікті халықтың елдің солтүстік регионына құбылуы славяндық менталитет күшті аймақты қазақтандыруға көмектесті. Астананың ауысуының жоспарлы түрде дайындықпен іске асырылуы басқарушы элитаның саяси технологиялардың әдістемесін ойдағыдай жүзеге асыра алғандығын айғақтайды.

Солтүстіктегі сепаратистік ниетке балта шабылды. Орта Азия регионынан қауіп төндіруге ұмтылған исламдық радикалистік ұйымдар мен террористік топтар Қазақстанның саяси басшылығына тікелей әсер ету мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанның географиялық орталығында тұрған Астана қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтыстыққа бұрынғыдан қарағанда кең жол ашты.

Астананың елдің терроризмге қарсы қауіпсіздігін күшейтудегі орны мен рөлі жайында, жалпы мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін шешудегі геостратегиялық маңызы туралы арнаулы зерттеулер қажет.

Біріншіден, Қазақстанның саяси элитасы исламдық күштер басым, ахуалы шиеленісті региондардағы мемлекеттермен ара қашықтығын алшақтатып, елдің саяси элитасының исламистік күштер мен саяси ағымдардан толық тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Өзбек, ұйғыр, қырғыз өкілдерінен шыққан радикалистік топтар Қазақстан басшылығына өз диаспоралары арқылы ықпал ету мүмкіндігінен айырылды.

Екіншіден, Қазақстанның солтүстігіндегі, орталығы мен солтүстік шығысындағы этнодемографиялық, этносаяси және этномәдени ахуалға Астананың орталыққа көшуі зор ықпал жасады. Қазақстанның аталған региондарындағы пророссиялық көңіл-күй, славян диаспорасының психологиялық және мәдени басымдылығы ауыздақталды. Бұлай болуы Ресейдегі этникалық және саяси үрдістердің Қазақстанға әсерін әлсіретті. Шешен терроризмінің Қазақстан аумағына өтпеуін қамтамасыз етті.

Үшіншіден, күш көрсету органдарының орталыққа келуінің арқасында терроризмді қаржыландыратын наркотрафикті шектеу, қару-жарақ саудасына қарсы күресу, террористік идеологияны насихаттайтын топтарды сараптау сияқты аса маңызды қауіпсіздік шаралары тиімді бола бастады.

Төртіншіден, елдің индустриялық-инновациялық дамуына ықпал етумен қатар Астана электораттың жаңа өркениетті елдерге тән саяси мәдениетін, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуде жаңа серпіліс әкелді. Халықтың саяси топтасуы, қазақ ұлтының басшылығымен нығая түскен Қазақстан халқы елде болуы ықтимал терроризмнің әлеуметтік тірегін, саяси-экономикалық себептерін жоққа шығарды.

Бесіншіден, Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатының үнемі жақсара түсуі, экономикалық және саяси модернизация жетістіктері Астананың дұрыс, халықтық сипаттағы саяси стратегиясымен байланыстырылады. Экономикалық және әлеуметтік мәселердің дұрыс шешімдерін табуы елдегі қандай да болмасын қауіптерге қатысты тиімді саясат жүргізе алудың кепілі болып табылатыны ақиқат

Сөз жоқ, Қазақстанда әлемдік саяси қауіптерге және ішкі қайшылықтарға жауап бере алатын саяси элита бар. Постсоветтік саяси картадағы ең қуатты, саяси тұрақтылығы күшті мемлекет Қазақстан Республикасы. ТМД елдерінде қазір территориялық, саяси және этноәлеуметтік тұтастығы мығым ел де Қазақстан. Ғаламдық, аумақтық және ішкі қауіптердің барлығына дерлік адекватты шаралармен жауап бере алған елдердің бірі біздің ел. Осындай саясатының арқасында Қазақстанның басқарушы элитасы өркениетті әлемдік қауымдастықтың алдында өзінің позитивті саяси имиджін қалыптастырды.

Тәуелсіз елдің тарихында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан ұлттық қауіуіпсіздік органдары сол алғашқы жылдардан бастап қоғамға төнетін қауіп-қатермен күрес жолында өзге елдердің арнаулы қызметтерімен интеграциялық үрдісті күшейту, өзара ынтымақтастықты арттыру, ақпарат алмасуды тұрақты қалыпқа түсіруге бағытталған әс-шараларға белсене күш салғандығын көресіз. Қазақстан әлемдегі беделді ең ірі  ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИКҰ, ТҮРКСОЙ, ҰҚШҰ, ТМД, Ресей және Беларусьпен қосылған Кеден Одағы және тағы да басқа ұйымдарға мүше болып табылады. Елдің осындай ерекшелігін Президент Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі атап өтіп отырады. Ол елдің халықаралық ұйымдарға қатысуы – көптеген мемелекттер мүдделері қиылысатын көпірге айналуына жақсы жағдай туғызады деп санайды. 

Астананың халықаралық ынтымақтастықты әлемде бейбітшілікті сақтаудағы түрлі діндер арасындағы диалогты үйымдастырудың үлкен маңызы  болды. Ол, саясаткерлер атап көрсеткеніндей, тұрақты бейбітшіліктің бастауы ретінде түсіндірілуде. Қазақстан дінаралық татулық пен түсіністікті сақтап отырған ел ретінде өзгелерге үлгі болуға күш салуда. Ұлттық діндерді былай қойғанда, әлемге ең кең тараған ілгері діндердің  өзі бір-бірімен қайшылықта өмір сүріп, діни – наным – сенім мемлекетаралық соғыстардың  отын тұтандырып жатқанда, Астанада (24 қыркүйек 2003 ж) әлемде алғаш рет әртүрлі дін өкілдерін шақырып, ортақ әңгіме өткізу діни экстремизм мен лаңкестіктің жолын кесуге бағытталған шара болды. Баспасоз беттерінен мәлім болғандай, бұл жиынға Қытайдан келген буддистер мен даосистер, Жапониядан келген синтоистер, үндістандық мұсылмандар, Израйльден келген иудейлер, францискандықтар қозғалысының  мүшелері, рим-католик шіркеуінің, ағылшын шіркеуінің өкілдері, Швецариядан арнайы келген лютерандар федерациясының өкілдері, Константинопольдағы православия шіркеуінің, Иран мәдениеті мен ислам байланыстары ұйымының, орыс прваославие шіркеуінің, пәкістандық ислам идеологиясы кеңесінің, әлемдік Ислам Лигасы өкілдері қатысты.

         Бүгінгі Нұр-Сұлтанның өркениетттілік мазмұнына келетін болсақ, Қазақстан жүздеген ғасырлар бойы түркі мен еуропалық мәдениеттің астасқан тұсында орналасып, ежелгі азиялық дәстүрді бойына сіңірді, мәдениеттің  осылай, бейбіт қатар өмір сүргендігі Қазақстанның қазіргі саяси бағытына да өзінің ықпалын тигізді. Астанада болған форумда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қатынастар арасындаңы  үнқатысулардың бастамашысы бола алды. ЕҚЫҰ шеңберіндегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың жаңа үлгісін жасауға делдел болмақ ниетін айқын аңғартуда. Және осы жолда ол осы бағыттағы кикілжіңдерді реттеудің жаңас тәсілдерін табуды ұсынып отыр.

         Сонымен қатар, Қазақстанда терроризмнің болуының ішкі саяси алғышарттары жоқ. Елдегі саяси тұрақтылықта, әлеуметтік және қоғамдық келісім жағдайындағы даму саясаты терроризмге қарсы қызметке пайдалы ықпалын тигізуде. Қазақстанда террористік күрес әдістерін басшылыққа алатын ұлтшылдар топтары, сепаратистік немесе экстремистік саяси топтар жоқ. Қазақстанға терроризм қаупін әкелетін халықаралық террористік ұйымдар мен көршілес елдерде орналасқан террористік топтар. Қазақстанның ішкі саяси- әлеуметтік ахуалына қатысты терроризмді ұстанатын күштер осы уақытқа дейін нақты байқалған емес.

Қазақстанның этнодемографиялық құрылымы, геосаяси жағдайы, әлемдік еңбек бөлінісі мен нарықтық экономикадағы орны қаншама күрделі болғанымен елдің саяси басшылығы тиімді терроризмге қарсы күрес саясатын жасай алды. Ондай саясаттың қалыптасуына және нығаюына Астананың терроризм қаупімен күресте халықаралық ұйымдар мен ынтымақтасуының әсері үлкен болды.

Мақала соңында, Филип Македонскийдің ұлы Александрға «Ең алдымен, Афина туралы ойла, Афина ел емес, қала емес, ол ИДЕЯ. Егер Афинаны алсаң, дүниені билегенің»  деген сөзі еріксіз ойға оралады. Демек Нұр-Сұлтан жаңа Қазақстанның – идеясы. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Нұр-Сұлтан мен Қазақстан атаулары егіз. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты.  Нұр-Сұлтанды асқақтату арқылы дүние, жүзіне өзімізді – келешегі кемел, әлеуетті, қуатты, мемлекетті танытамыз.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану»  кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.