Жаһандық әлемдегі діннің орны

0

Қазіргі кезде әлеуметтік және саяси өмірде діни мән-мағынаның эмоционалдық сипаты басымдырақ. Дінмен байланысты сұрақтар жалпы қызығушылық пен ізденісті ғана туғызып қоймай, діни және саяси қақтығыстардың туындауына себеп болып тұр. Бұл мәселелер идеологиялық тұрғыда да, қоғамдық ортада күнделікті пікір алмасуда белгілі бір ауыр реңмен талқыланады. Олай болса, дін сияқты нәзік тақырыптың соншалықты ауыр болуы дін мен зайырлылықтың, мемлекет пен діни бірлестіктердің, дәстүрлі құндылықтар мен жаңа эпистемалардың арасында жаңа қарым-қатынас тетіктерін қалыптастыруды талап етеді.

Жаңғыру – дәстүрлі қоғамнан замануи қоғамға өтетін әлемдік-тарихи үрдіс. Дін – дәстүрлі қоғамға тән құбылыс, ал жаңғыру дегенде оның ролі қандай? Жаңа сатыға өту деген бұрынғыны түбегейлі теріске шығару дегенді білдіре ме? Әрине, олай емес. Сондықтан жаңғырудың жемісті болуы дәстүрлі және замануи элементтерді үйлесімді игеруге байланысты. Осыдан келіп, дін жаңғыруға жағымды әсер етуі мүмкін, оны тежеп тұруы да ықтимал екендігін білеміз.

Осы ойымызды әр түрлі діндер мысалында қарастырып көрсек. Айталық, протестантизмнің еуропалық мемлекеттер модернизациясындағы ролі зор. Кезінде протестанттық дін тұлғаның діни бостандығын ұран етіп, жалпы буржуазияның еркіндігіне жетеледі. Сол протестанттар Голландия мен Англияда буржуазиялық революцияларды бастаған. Библияның ұлттық тілдерге аударылуы халық кітапханалары мен гимназиялардың қалыптасуына, дамуына әкелді.

Келесі мысал, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Үндістан. Бұл елде модернизация қалай жүзеге асты? Бәлкім оған ғасырлар бойы үнді мәдениетінің өзегі болып табылатын діни құндылықтар әсер еткен болар. Екі мың жыл бұрынғы кездің өзінде брахмандардың білім беру жүйесінде жан-жақты интеллектуалды дәстүрлер қалыптасқан: нағыз азамат діни мәтіндерден басқа астрономия, медицина, фонетика, грамматиканы білу тиіс еді. Индуизмнің аясында әр түрлі философиялық және логиканы дамытатын мектептер қалыптасты.

XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында үнді зиялылары батыс мәдениетіне тән құндылықтарды өз мәдениеттеріне дұрыс икемдей алды, синтездеді. Кейін бұл эстафетаны Махатма Ганди, Джавахарлал Неру  сынды тұлғалар өз қолдарына алып, мәресіне жеткізген.

Бүгін Үндістан компьютер технологиялары, электронды бағдарламалар жасау жолында жақсы көрсеткіштерге ие мемлекттердің қатарында.

Ислам мемлекеттерінде де жаңғыру, жаңару аясында діннің ролі біріңғай емес. Басқа елдермен салыстырғанда қазіргі кезде ислам мемлеттерінде жаңғыру процесі баяу жүруде. Жаңғыруды қабылдамайтын мемлекеттерінде радикалдық ұстанымдар үстем етуде.

Жаңғыру көрсеткіштерін бүгін ғылыми-техникалық прогресс пен білім беру жүйесіндегі жетістіктермен есептеу жүйесі қалыптасқанын ескерсек, қазіргі кезде Малайзия, Индонезия сияқты мемлекеттерде жаңару ұдерістері қарқынды жүруде.

Сауаттылық – тұлға дамуының, сәйкесінше, қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сауаттылық индексі арқылы мемлекеттердің дамуын есепке алады. Өзін-өзі дамыту, жетілуге мүмкіндік болмаған жағдайда жаңалықтар ашылмай, әмбебап туындылар да дүниеге келмейді.

Бүгін қазақстандық қоғамда дінге деген қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқанынына назар аударатын болсақ, жаһандық шеңберде мемлекетті ілгерілететін бүгінгі жастар екені анық. Олай болса, бүгінгі жастар дінге қызығушылық білдіруін жан-жақты дамумен қатар жүзеге асырғандары абзал. Біз рухани деңгейіміз жоғарлады деп мақтана отырып, сауаттылығымызды арттырмасақ, қараңғылыққа тап болуымыз да ықтимал.

Дінтанушы, «Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Философия кафедрасының PhD докторанты Мустафина Толганай Вагизовна,

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.