Полиция халыққа ашық қызмет көрсетеді

0

2019 жылдың 9 желтоқсанында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен республикалық «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұловпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осыған орай, бүгін медиа орталық төрағасы меморандумның негізгі талаптары бойынша атқарылуы тиіс бірқатар жұмыстарды насихаттау мақсатында Тараз қаласына іссапармен келді, – деп хабарлайды Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Жұмыс сапарын көші-қон қызметі орталығымен танысудан бастаған Төлеген Байғұлов мекемедегі қызметкерлердің қызмет көрсетудегі халықпен қарым-қатынасын бақылап, орталыққа келген азаматтармен сұхбаттасты.

Жалпы, Көші-қон қызметі орталығы іске кіріскелі бері Қазақстан Республикасына келген шетелдіктерге мемлекеттік қызмет көрсету жақсартылып, оларға ыңғайлы жағдай жасау арқылы қызмет көрсету мерзімі едәуір қысқартылды. Бүгінгі күні көші-қон орталығының қызметіне жүгінушілер құжаттарды екі сағаттың ішінде рәсімдеуге мүмкіндік алған. Осыған байланысты Т.Байғұловпен әңгімелесу барысында тұрғындар да мекеме жұмысына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Медиа орталық өкілдері облыстық Полиция департаментінің бірнеше фронт-офистерінде болып, жұмыстарымен танысты. Фронт-офис қызметіндегі негізгі мақсат – полиция мен халық арасындағы қарым-қатынастың ашықтықтығын қамтамасыз ету, кез-келген құқықтық мәселе бойынша тұрғындарға жедел түрде көмек көрсету болып табылады.

«Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде ІІМ қызметінің тиімділігін арттыру, жемқорлыққа қарсы саясатты ілгерлету бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыру, оны туындататын себептер мен салдарларды жою бірлескен меморандумның негізгі мақсаты болып табылады. Осы мақсат аясында ІІМ-мен кешенді жоспарлар жасап, нәтижелі істерге қол жеткіземіз деп отырмыз. Біз полиция қызметкерлерінің арасындағы заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға мүмкіндік болмайтындай жағдайлар жасауымыз керек. Бұл барлығымызға ортақ міндет», – деді Жұмыстарды жіті бақылаған «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов.

Іссапар барысында Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев пен «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен қоғам белсенділеріне брифинг өткізді. Брифинг барысында полиция қызметінің халыққа ашық қарым-қатынас орнатуына байланысты сауалдармен қатар, жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бірқатар мәселелер де ортаға салынды. Журналистер сауалына тиісті жауаптар беріліп, ой-пікірлер назарға алынды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.