Тас түскен жеріне ауыр

0

Еліміз егемендік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақытта жол апатынан көз жұмғандар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерден әлдеқайда көп. Бұл ел ішіндегі еспе әңгіме. Шындыққа қаншалықты жанасымды?

Оған көзіміз жетпейді. Алайда қара жолда дәм-тұзы таусылғандардың қатары өте көп. Жол жөнделіп, қауіпсіздік қатайса да қала мен далада жол апаты жиілеп, бейбіт күнде азаматтардан айырылып жатырмыз. Мәселен, соңғы бір аптада темір көлікте тынысы тоқтап қалғандардың санын саусақ бүгіп санауға тура келеді. Елорданың өзінде автобус апатынан екі адам көз жұмып, 36 жолаушы ауруханаға түсті. Оның ішінде 4 азамат ауыр халде жатыр. Жазымнан кейін амалсыз аяғын кестіргендер бар.
Дәл сол мезгілде Алматыда бір үйлі жанның дәм-тұзы жол үстінде таусылды. Алматы-Қорғас күре жолында автокөлік апатынан үш адам көз жұмып, үш жолаушы ауыр хәлде ауруханаға түсті.
Халқымыз «Өлім-жітімді, жамандықты санамайды» деуші еді. Бірақ темір тұлпардың тізгінінде отырып үзіліп кеткен жандардың артында зар жылап қаншама ата-ана, жетім-жесірдің қалғаны жанға батады. Қапыда асыраушысынан айырылғандарды кім қарап, кім жетілдіреді?
«Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Елордада болған автобус апатынан жүргізушімен бірге 26 жастағы жалғызілікті келіншек көз жұмды. Марқұмның артында баласы қалыпты. Мерт болған жүргізушінің де төрт баласы жетім қалды. Жақындарына «бекем болыңыз» дегеннен басқа амалымыз жоқ.
Бас қалада болған апаттың бейнекөрінісі жан түршіктіреді. Автобус бағдаршамға тоқтап тұрған екінші бір жолаушы көлігін қатты жылдамдықпен кеп соққан. Жүргізуші жол таба алмай қалатындай тар соқпақ та емес. Автобуста болған куәгерлердің бірі, аяғынан айырылған әйелдің айтуынша, жүргізуші оқиға кезінде еш қимыл жасамапты. Үні де шықпаған. Соған қарағанда, апат алдында марқұмның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Бірақ бұл әзірге болжам.
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Әлеуметтік желіде жұрт қоғамдық көлік пен ауыр жүк көлігі жүргізушісін ай сайын міндетті медициналық тексеруден өткізіп тұру керектігін айтуда. Көңілге қонатын ұсыныс. Бұл арада көлікті техникалық тексеруден өткізуден бөлек, медициналық тексерудің қажеттігі аса маңызды. Дегенмен «Астана ЛРТ» басшысы Бекмырза Егенберденов автобус жүргізушісінің таңғы алты жарымда медициналық тексеруден өткенін мәлімдеді.
Елордадағы апаттан кейін құзырлы мекемелер қоғамдық көліктерді тексеруді бастады. Алдыңғы жылы Шымкенттен Самараға кетіп бара жатып, Ақтөбенің Ырғыз ауданының тұсында өртенген жолаушы автобусында Өзбекстанның 54 жолаушысы мерт болған-ды. Оқыс оқиғадан кейін Алматы, Шымкент, Астана қалаларында қалааралық автобустар қатаң тексеруден өткізіліп, құзырлы мекемелер біраз еңбектенді. Соған дейін аудан, қала арасындағы ғана емес, шетелге қатынап жүрген автобустардың жағдайы сын көтермейтіні анықталған. Алайда ешкім дабыл қақпап еді. Тіпті тежегіші үзілуге шақ қалған, қозғалтқышынан май сорғалаған жолаушы көліктері ұзақ жолға қам-қарекетсіз шыға беретін. Осындай салғырттықтың кесірінен де тас жолда талай тағдыр үзіліп жатыр. Астанадағы алапат апат жолаушылар көлігіне жайбарақат қарауға болмайтынын тағы бір дәлелдеп берді.

Жарас Кемелжан

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.