Байзақта баға тұрақтылығы басты назарда

0

Бүгінгі таңда, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын бірлескен бұйрыққа қол қою арқылы реттеуді қолға алып отыр.

Осы мақсатта Байзақ ауданы әкімдігі тарапынан тиісті шаралар шұғыл түрде қолға алынып, нәтижесінде күн сайын сауда нүктелерін аралап шығатын комиссия мен мобильдік топтар құрылды. Алдымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының аудан кәсіпкерлеріне арнаған Үндеуі жергілікті баспасөз және әлеуметтік желілер арқылы жарияланған болатын. Сонымен бірге, жергілікті әкімшіліктер мен тиісті саланың мамандары арқылы ауданның әрбір кәсіпкерімен жекелей түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Түсіндіру жұмыстары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакеті мен дағдарысқа қарсы бағдарламасы жарияланғанын, онда елімізге Төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықты қолдау жөнінде қосымша іс-шаралармен қоса, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы маңызды шешім қабылданғаны, бұл шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық екені айтылды.

Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың жетекшілігімен құрылған топ мүшелері аудан орталығындағы сауда нүктелерін аралап, ондағы шекті бағалар бекітілген тоғыз түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне зерделеу жасады.

Топ мүшелері алдымен жуырда пайдалануға берілген «Фиркан Сарыкемер» сауда орталығында болды. Мұнда бекітілген бағамен сатылуы тиіс бірінші сұрыпты жұмыртқа (он данасы) 271 теңгенің орнына 350 теңгеден, өлшеніп салынатын рожки бір келісі 206 теңгенің орнына 230 теңгеден, бірінші сортты бидай ұнының келісі 149 теңге емес 189 теңгеден, қарақұмық жармасы 335 теңгеден, яғни, бекітілген шекті бағадан жоғары саудалануда екен.

Бұдан соң  «Аққу», «Аяулым», «Кәусар», «Арзан», «Бегей», «Корзинка» сауда орындарына зерделеу жұмыстарын жүргізген топ мүшелері олардың бірқатарында әлеуметтік маңызы бар тағам түрлеріне қойылған шекті бағамен сатылып жатқан азық-түлік өнімдерін қадағалады. Ал, кейбір сауда нүктелерінде кәсіпкерлер тауарлардың көтерме сауда орындарынан сатып алу құнының жоғары болуымен байланыстырып, әлі де аталмыш азық-түлік өнімдеріне бағаны түсірмей отырғанын анықтады. Оларға топ жетекшісі Қайрат Исмаил мен аудандық партия филиалы төрағасының орынбасары Шолпан Байтақова түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына сай туындайтын әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті.

«Бізде 64 түрлі азық-түлік өнімдері бар, оның 19-ы әлеуметтік маңызы бар тағам түрлеріне жатады. Соның ішіндегі 9 түрлі азық-түлік өніміне шекті бағалар қойылып отыр. Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұны – 149 теңге/кг, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) -138 теңге/кг, рожки (өлшеніп салынатын) – 206 теңге/кг, қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын) – 260 теңге/кг, тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын) – 258 теңге/кг, сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі) – 1774 теңге/кг, күнбағыс майы – 418 теңге/кг, бірінші сұрыпты жұмыртқа (он данасы) – 271 теңге, ас тұзы («Экстрадан» басқа) – 52 теңге/кг деп баға қойылған.

Біз орталықтағы сауда нысандарын аралап, оларға шекті баға белгіленген 9 өнім бойынша бағаның тұрақты болуына ескерту жасадық. Егер негізсіз бағаның өскенін байқап, қандай да бір тәртіп бұзушылық анықталатын болса, мобильді топ акт толтырып, фото және бейне-есеп жасайды. Содан кейін бұл материалдар бойынша әкімшілік хаттама жасалатын болады.

Заң бұзушылық орын алған жағдайда кәсіпкер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 202-бабы бойынша жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлейді», – деді Қайрат Әбілханұлы.

Сонымен қатар, араланған әрбір сауда орындарындағы тазалық жұмыстары да комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Өз кезегінде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі дезинфекциялау және жуу құралдарын қолдана отырып, екі сағат сайын ылғалды тазалау жүргізу керектігін ескертті. Келушілермен қарым қатынаста болатын сатушылар мен басқа қызметкерлердің жұмысын екі сағат сайын ауыстыра отырып, қорғау маскалары, көзілдіріктері және резеңке қолғаптармен қамтамасыз ету, қолды өңдеуге арналған санитайзерлер мен антисептиктер орнату жұмыстарына да мән берілді.

Аталмыш топ мүшелері ендігі кезекте өз жұмыстарын жалғастырып, басқа да аудан аумағындағы сауда орындарын аралайтын болады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.