Таразда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары тұрақталды

0

2020 жылы 27 сәуірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы тобымен қала аумағында орналасқан 6 дүкен (орта және шағын супермаркеттер) араланды. Оның ішінде, «Юбилейный», «Әуес», «Халил» және Жібек жолы көшесінің бойындағы «Таңшолпан» және «Дәулет» дүкендері.

Аталған дүкендердегі азық-түлік тауарларының бағалары бірлескен бұйрықпен белгіленген шекті бағаларымен сәйкестендірілді.

Сондай-ақ, «Нұрислам» супермаркетіндегі қарақұмықтың бағасы 440 теңгеден 260 теңгеге өзгертілді.

Айта кетейік, 2020 жылы 26 сәуірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы тобымен қала аумағында орналасқан 11 дүкен (орта және шағын супермаркеттер) араланды. Атап айқанда, «Корвет», «Умка», «AsMol», «Рауан», «Dostyk Market», «Orda», «Жұлдыз», «Деменур», «Сабина», «Okey» және «LUX» супермаркеттеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек бағаларының орындалуына қадағалау жүргізілді.

Нәтижесінде, араланған барлық дүкендерде тазартылған күріш, қарақұмық, тауық жұмыртқасы және күнбағыс майының бағалары шекті бағадан асқан деректері анықталды.

2020 жылы 10 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында былай деген еді: «Тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдадық. Азаматтарымызға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Үкімет сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауы тиіс. Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды міндеттердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан, Үкімет және әкімдіктер осы жұмысты ерекше назарда ұстауы қажет.

Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік. Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз. Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп. Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын. Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.

Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда.

Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық. Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды.

Мен бұған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.