Сапарбаевтың Мойынқұмға жұмыс сапары қалай өтті?

0

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Мойынқұм ауданына жұмыс сапары ұзақ жол, қолайсыз ауа-райына қарамастан мазмұнды өрбіді. Аймақ басшысы ондағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ол ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқандығын барлады, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мойынқұм ауданы бүкіл Жамбыл облысы жерінің жартысына жуық аумағын алып жатқандығымен ерекшеленеді. Мұнда бірнеше ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығын дамыту үшін жайылым қоры жеткілікті.

Өңір басшысының аудандағы жұмыс сапар әлеуметтік мекеме – Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептен басталды. Онда мектепке дейінгі балаларға арналған «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Ғимарат 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген.

Облыс әкімі мекемедегі лингвистикалық, ағылшын және робототехника кабинеттерімен танысты. Білім көрсеткіші ойдағыдай десек те, мектеп түлектерімен байланыс оң жолға қойылмаған. Бұл орайда оқу орнының әкімшілігі түлектерді мектеп тіршілігі мен мәселелесіне барынша тартуға ықпал ететін «Tulek.kz» сайтына тиісті деңгейде мән бермей отырғандығы айтылды.

– Алғашқы түлектерден бастап мектепті әр жылдары бітірген адамдардың тізімін жасап, оларды оқушылармен кездесуге шақыру керек. Менің ойымша, олардың көбі ұшқан ұялары – оқу орындарының ағымдағы мәселелерін шешуге қол ұшын беруден бас тартпайды, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы күрделі жөндеу үшін көмектесуге уәде беріп, облыс әкімі Мәден Мұсаевқа жобалық-сметалық құжаттаманы уақыт созбай дайындауды тапсырды.

Кенес ауылдық округінде жоғарыда айтылған тұрмыстық табысты арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оның орындалу барысы туралы «Айдарлы Агро-2019» кооперативінде баяндалды. Округке қарасты бір ғана Айдарлы ауылына 630 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Айдарлының тұрғындары ауыз судың сапасына наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, су құрамында фтор қосындысы көп. Сондай-ақ, ауылдықтар Мәдениет үйі құрылысына қатысты мәселе көтерді. Пилоттық жоба аясында 1708 бас мал сатып алынғанымен, олардан өндірілген сүтті өткізетін жер жоқ.

Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы кәсіпкерлердің бірінде тұрған сүт өңдейтін модулді цехты осы іске жұмылдырудың маңыздылығына назар аудартып, аудан әкіміне бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Өңір басшысы Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған жері – Бірлік ауылының кіреберісінде орналасқан, күніне 150-200 адам өтетін блок-бекеттің де жұмысымен танысты. Мұнда төрт полиция, екі медицина қызметкері мен екі санитар маман жұмыс істеуде.

Бір кездері Бірлік ауылы ауданның орталығы болған. Сол кезден қалған үлкен аурухана бүгінде дәрігерлік амбулаторияға айналған. Мұнда жалпы саны 20 адам еңбек етсе, оның екеуі дәрігер, 16-сы екінші буын медицина қызметкері. Бұл нысандар көршілес Хантау, Биназар, Айдарлы сынды үш елді мекеннің тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінің бір корпусы жөндеуді талап етеді.

– Коммуналдық шығындарды азайту үшін амбулаторияның бір бөлігін басқа мақсатқа пайдалану керек. Жергілікті халықтың қажеттілігін ескеріп, мұнда қандай мекемені орналастыруға болатынын аудан әкімі жан-жақты ойластыруы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Бірлік ауылында өңір басшысы ауыл тұрғындары мен «Байбарақ-Агро» өндірістік кооперативтінің ұжымымен кездесті. Ауылдықтар мұнда да ауыз судың сапасына, білікті дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің тапшылығына, жол жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдарын білдірді.

Әкім бұл мәселелерді шешуге болатынын айтып, азаматтарды тезірек кооперативтерге бірігуге шақырды. Бүгінде агро саланы дамыту үшін шаруа қожалықтаржды ірілендірудің маңызы зор. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, біріккен жағдайда шаруалардың ісі ширап, уақыт созбай ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізіп, несие алуға да мол мүмкіндік туындайды. Сондай-ақ, облыс әкімі табиғи-климаттық жағдайдың қолайлылығын ескеріп, тары мен жүгері алқаптарын арттыруды тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Радай гидроэнергетикалық кешенінде ат басын бұрды. Бұл кешенді күрделі жөндеуден өткізу үшін шамамен 70 миллион теңге қаражат қажет екен. Нысан қайта іске қосылса Мойынқұмдық 33 шаруа қожалығын ағын сумен қамту мәселесі шешілетін көрінеді. Аймақ басшысы бұл нысанды қайта іске қосуға қолдау көрсетілетіндігін айтты. Сонымен қатар ол Фурманов су торабының жөндеу жұмыстарына да қол ұшын беретінін жеткізді. Қазір ондағы үш сегменттік қақпаның біреуі істен шыққан.

Аудандық орталық аурухана мен емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер, реаниматологтар және жұқпалы аурулар бойынша мамандарды қосқанда 11 дәрігер жетіспейді. Ультрадыбыстық және флюорографиялық құрылғылармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен үнемі шалғайдағы ауылдарға шығып отырады. Жылда 5 жас маман жұмысқа қабылданады. Оларға көтерме ақысы төленіп, тұрғын үй беріліп келеді. Бүгінге таңда мұнда 20 науқас емделуде. Жалпы Мойынқұм бойынша 1110 тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне әлі енбепті.

Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жедел жәрдем бөлмесін, басқа да бөлімдерді жөндеу, аурухана ауласын асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды тапсырды.

Аудан активімен өткен кездесуде облыс әкімі санитарлық талаптарды қатаң барынша сақтау керектігіне көңіл бөлді. Әсіресе бұл өз қызметін қайта бастаған нысандарға да қатысты екендігін ескертті.

Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін механикаландырылған жасақтың жұмысын күшейтіп, каналдар мен құбырларды жөндеу, құдықтар мен су құбырларын қалпына келтіру, сүт өңдейтін цехтар ашу қажеттігіне айрықша тоқталды. Сонымен қатар, орман қорындағы қандай жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болатындығы талқыға салынды.

Сондай-ақ шағын су қоймасын салуға болатын жерлерді анықтау үшін өзендердің әлеуеті мен дақылдардың құрылымын зерттеу қажеттігін алға тартты. Жалпы ауданда кем дегенде 450-500 жаңа жұмыс орның ашу керектігі туралы талап қойған өңір басшысы аудан басшылығы тарапынан әлеуметтік нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша ұсыныстардың аз түскенін жеткізді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бар-жоғы 1,8 миллиард теңгеге өтінім түскен. Бұл аудандардың арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сіздердің бастамаларыңызды көре алмай тұрмыз.

Биыл біз көптеген нысандарды салуды және жөндеуді бастағалы отырмыз. Мердігерлердің әрбір жұмысының сапалы орындалуын қадағалау үшін қоғамдық бақылау орнату қажет. Оған қоғам белсенділерін тарта отырып, өңір тұрғындармен тиімді байланысты жүйелей түсіңіздер, – деп қорытындылады жиынды Бердібек Сапарбаев.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.