Жамбыл облыстық ПД басшысы онлайн-режимде есеп берді

0

27 мамырда Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің облыс тұрғындарымен онлайн-режимде есеп беру кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Жамбыл облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде өткізілді. Жанат Сүлейменов баяндама барысында азаматтарды жамбылдық полицейлердің жұмысының негізгі көрсеткіштерімен таныстырды.

2020 жылдың 4 айында тіркелген қылмыстардың жалпы саны 34,9 пайыз ға төмендеді: ұрлық саны – 46.8 пайызға, тонау дерегі – 18.5 пайызға, қарақшылық оқиғасы – 60 пайыз ға, бұзақылық – 21,2 пайыз ға, мал ұрлығы 14,6 пайызға төмендеді, – деп атап көрсетті Жанат Сүлейменов.

Жыл басынан бері пәтер ұрлығын жасаған 44 адамнан тұратын 7 қылмыстық топ және мал ұрлаумен айналысқан 28 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ құрықталды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстар 49 пайыз ға азайған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 4,5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке, 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін 94 сатушы мен кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Департамент интернет желісінің мониторингін ұдайы жүргізеді, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде синтетикалық есірткі жарнамасы бар 21 сайт бұғатталды. Барлығы 4 ай ішінде есірткі дерегімен байланысты 191 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталды», – деп атап өтті Ж.Сүлейменов.

Бұдан кейін Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы тұрғындардан тікелей эфирде түскен сұрақтарға жауап берді. Онлайн трансляция барысында Жанат Сүлейменовке есту аппаратын сыйлағаны үшін 88 жастағы зейнеткер Сейдімхан Тілеуқұлов немересінің аккаунты арқылы өз алғысын білдірді.

Кездесу соңында Жанат Сүлейменов облыс тұрғындарына кері байланыс жасағандары үшін алғысын білдіріп, азаматтардан түскен өтініштердің назардан тыс қалмайтындығын атап өтті.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.