Сапарбаев: «Абай есімін иеленген көше атына заты сай болуы тиіс»

0

Қазіргі таңда еліміздің қай өңірінде болмасын тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру ең өзекті мәселелердің бірі екені түсінікті. Бұл ретте Тараз қаласында 1300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар болса, бүгінде соның 521-і жөндеуді қажет етеді. Дегенмен, Тараз қаласының тұрғын үй саласына жауапты мамандары қазір солардың 270-і жаңартылғанын айтады. 

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы бірқатар тұрғын үйлердің сыртқы келбетімен, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан №15 ықшам аудандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан еді. Сапарбаев қаладағы жұмыс сапарын облыс әкімдігінен шыққан бетте, жаяулап жолдың қарсы бетіне өтіп, орталық көшедегі көпқабатты тұрғын үйлерден бастапты. Бұл бойынша білгеніміз жақын күндері әкімдікке қарама-қарсы тұрған 5 көпқабатты тұрғын үйдің сырт келбеті жаңарып, ол үшін біркелкі эскиздік жоба әзірленетін болыпты.

«Бұл көшенің бойында орналасқан үйлердің сәулеттік келбетіне, әрлеу мен сырлауына баса мән берген дұрыс. Өйткені, Абай есімін иеленген көше атына заты сай болуы тиіс. Сонымен бірге, бұл үйлердің шатырлары қатты тозған. Осыған орай, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ауыстыруға көмек беретін демеушілерді тарту керек»,- деді Сапарбаев.    

Жалпы, биыл Таразда 80 үйге «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлініпті. Қазіргі таңда 41 үйге жөндеу жұмыстары басталған. Бұл шаруамен 13 құрылыс компаниясы айналысуда. Бағдарлама шеңберінде көпқабатты үйлердің шатырын ауыстыру, жертөлесін жөндеу, сондай-ақ кіреберістерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек екен. Осы орайда, аталған құрылысты жүргізетін компанияны тұрғындар өздері таңдап, жұмыс барысын бақылай алатыны көңілге медеу болып тұр.

Ал жаңа 15-ші ықшам аудандағы жұмыс барысы туралы құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров «2017-2019 жылдар аралығында бұл аумаққа жаңа тұрғын үйлер салуға 18,7 миллиард теңге жұмсалған болса, биыл тұрғын үй құрылысына 20,2 миллиард теңге қарастырылды» деп бастады әңгімесін.

–  Бұған дейін осы жаңа шағын ауданда 26 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 38 үйді тапсыру жоспарланып отыр. Жоба бойынша бұл шағын ауданда 195 көпқабатты үй салынатын болады. бұдан бөлек, жаңадан 4 мектеп пен 5 балабақша бой көтеретін болады,- дейді құрылыс басқармасының басшысы.   

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.