Осындай күрделі кезеңде адамдар бір-бірлеріне жан жылуына сыйлап, көмек қолын созуда. Қайырымдылық шаралары Жуалы ауданында да қарқынды жүргізілуде.
Қайырымдылық шараларына жергілікті кәсіпкер азаматтар, ерікті жастар, басқа санаттағы адамдар белсене қатысып келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде емделіп жатқан науқастарға оттегі тасымалдайтын баллондар, тағы да басқа қажетті заттарды алуға ауданның бірқатар кәсіпкерлері көмектесіп отыр.
Жақында аудандық ауруханаға қорғаныс құралдарының алғашқы легі жеткізілді. Оны Жуалы ауданында туып-өскен, қазіргі таңда басқа өңірлерде тұратын, сонда кәсіп ашып, жемісті жұмыс жасап жатқан жерлес кәсіпкерлер ұйымдастырып жеткізген.
Бүгін 109,0 млн теңге көлеміндегі демеушіліктің алғашқы легі ауруханаға жетті. Ауруханадағы медициналық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын қорғаныс құралдары: 5000 дана «КН-95» маркалы респиратор, 5000 дана бір рет және көп рет қолданылатын арнайы қорғаныс костюмдері, бір рет қолданылатын медициналық қолғаптар бар.