Бизнесті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті

0

2020 жылғы 15 қазанда облыс әкімі, облыс прокуроры, сондай-ақ Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р. Жүрсіновтің, Ұлттық экономика вице-министрі А. Шаимованың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Е. Үстеміровтің және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының өкілі Д. Нұрпейісовтің қатысуымен бизнесті қорғау жөніндегі Сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңестің жұмысына облыстық құқық қорғау және бақылау органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылары, бизнес-қауымдастықтар мен ассоциациялардың өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Б.М. Сапарбаев кеңесті аша отырып, Мемлекет басшысының пандемия жағдайында ғана емес, сонымен бірге болашаққа бағытталған бизнесті қолдау қажеттілігі туралы тапсырмаларын жеткізді.

Облыс прокуроры Н.М. Әбдіров Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының жұмысы кәсіпкерлердің өтініштері аясында қағидаттық шаралар қабылдауға және осы салада заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.М. Жүрсінов коронавирустың экономика саласына әсері және Үкіметпен өзара іс-қимылда бизнесті қолдау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлай отырып, кәсіпкерліктің жүйелі проблемаларын шешу үшін мемлекеттік органдар мен Палатаның жұмысын біріктіру қажеттігін айтты.

Отырысқа қатысушыларға облыс прокуратурасының бастамасымен құрылған Сараптамалық кеңес бизнестің түйінді және жүйелі мәселелері шешілетін әмбебап алаң болып табылатындығы айтылды. 

Бұдан бұрын, Кеңесте жекелеген мәселелерді қарау қорытындысы бойынша прокурорлар монополистермен өзара қарым-қатынас және көшпелі сауданы ұйымдастыру саласында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдаған.

Таңдалған форматтың тиімділігін ескере отырып, облыс әкімінің ұсынысы бойынша тоқсан сайын облыс әкімі мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда Сараптамалық кеңес өткізу жоспарланды.

Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және облыс прокуроры Жол картасына қол қойды. 

Жол картасында бизнестің жүйелі проблемаларын анықтау мен шешу, қылмыстық және азаматтық-құқықтық салаларда заңдылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен, бизнес қоғамдастықтармен және азаматтық сектормен өзара іс-қимылын жақсарту жөніндегі іс-шаралар көзделген.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.