Ел арасында «Сары Алмаз» лақап атымен танылған Несіпбай Нәсеновтың әкесі Болатбек Нәсенов Ринат Зайытовтың Youtube арнасындағы «Азаматтық пікір» бағдарламасында алғаш рет ұлы жайлы көлемді сұхбат берді.
Болатбек Нәсеновтың айтуынша, Несіпбай – өзінің бірінші әйелінен туған ұлы. Сөзінше, ұлы туған соң бірнеше айдан кейін әйелімен ажырасқан, Нәсіпбай шешесінің қолында өскен.
«Несіпбайды қатты жақсы көрдім. Айырылысып кеткеннен кейін күнде барып тұратынмын. Барсам, ана әйел ( ред. Өзінің әйелін, яғни Несіпбайдың шешесін айтып отыр) «мынау ішіп алған» деп милицияны шақырып келеді. Мен ішпеймін. Милиция мені иіскеп, «ішпегенсіз ғой» деп айтады. Мен ол кезде 23-24 жастағы баламын ғой. Бір күні қалалық милиция басқармасының бастығы шақырды. «Айналайын, бала өзі табады, сен бара берме. Бұның ағайындары қалалық, облыстық соттарда істейді. Бір күні сені соттатып жіберді» деді. Менің ішім қатты ашып, жүргім сыздады. Сөйтіп ұлыма баруды сиректеттім. Екі-ұш жылдан соң баруды тоқтатуға тура келді. Төрт жылдан кейін мен басқа әйелге үйлендім» деген Болатбек Нәсенов «сол кезден бастап ұлымнан қол үзіп қалдым» деп еске алды.
Cонымен қатар сұхбат барысында Болатбек Нәсенов ұлымен қалай қайта қауышқанын, оның алғаш рет қалай істі болғанын, ұлының Рахат Әлиевпен қалай жауласқанын, оның қалай қазаға ұшырағанын, артында қалған ұрпағы қайда жүргенін айтты.