Бүгін, 11 желтоқсанда Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясының мердігері – Tranco Zhezkazgan теміржол компаниясының екі жүзден астам жұмысшысы митингіге шықты. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Азаттықтың мәліметінше, жұмысшылар еңбек жағдайына наразы. Олар айлықты екі есе көбейтуді, жылына бір рет 13-жалақы төлеуді, емделуге жұмсаған шығынның орнын толтыруды, вахталық іссапарға шыққаны үшін тәулігіне 3000 теңге төлеуді талап етеді.
Олармен Жезқазған қаласының әкімі кездескен. Компанияның жергілікті басшылығы жұмысшылар көтерген мәселені қарастыруға уәде еткен. Бірақ наразылар «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының келуін талап етіп отыр.
«Қазақмыс» корпорациясы — Қазақстанда мыс өндіретін ең ірі кәсіпорын. Бұл корпорация мыстан өзге алтын, күміс, қорғасын шығарады. Корпорацияға елдегі ең бай адам Владимир Ким иелік етеді. «Forbes Kazakhstan» журналының қазан айындағы мәліметі бойынша, Кимның байлығы 4,1 млрд доллар.