Қоғам белсендісі Әсия Төлесова «PROGRESS» деп аталатын жаңа саяси партия құрмақ. Бұл туралы Төлесованың өзі Instagram парақшасында жазды.
Белсенді қазақстандықтарды өздеріне қосылуға шақырды.
«Біз, Әсия Төлесова мен Әлия Жолболдина, PROGRESS саяси партиясын құру ниетімізді мәлімдейміз. Бүгінгі Парламентте олардың мүдделері жоқ деп ойлайтындар бізге қосылыңыз!» деп мәлімдеді белсенді.
Ол партияның құрылуы 18 Желтоқсанда әлеуметтік желілерде тікелей эфирде талқыланатынын айтты.
«Тәуелсіздік күні құтты болсын! Біздің тәуелсіздігімізді атап өтудің жолы-оны қорғау!» деді Төлесова.
35 жастағы алматылық белсенді Әсия Төлесова – совет өкіметі кезінде сталиндік репрессияның құрбаны болған қазақ жазушысы Ілияс Жансүгіров пен мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың шөбересі.
Көпшілікке Төлесова былтыр көктемде Алматыда жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазу бар баннерді ілгені үшін 15 тәулікке қамалған соң танылды. Төлесова ол баннерді тағы бір белсенді Бейбарыс Толымбековпен бірге Алматы марафоны өтіп жатқан кезінде жайған.