Биыл Жамбыл облысында 9 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді. Олардың 300-ден астамы «Алтын белгі» төс белгісіне және 245 түлек үздік аттестатқа үміткер. Оның 67 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген.
Бүгін аймақтағы 446 мектепте соңғы қоңырау соғылып, ұстаздар мен оқушылар оқу жылын қорытындылады. Мектептерде оқу жылының аяқталуы мен түлектерді шығарып салу құрметіне арналған салтанатты шаралар өтті.
Биыл аймақта жергілікті 292 орта мектеп түлектер кешін өткізуден бас тартқан болатын. Мол дастархан, сәнді киім, серуендеуге арналған кортеж жалдап шығынға батпас үшін оқушылар осындай тоқтамға келді. Оның орнына қайырымдылыққа жұмсауды жөн санаған.
Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, мектеп бітіру кешіне орта есеппен ұл баланың қажеттілігіне 100-150 мың теңге қажет. Ал қыздарға 150-ден 200 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалатын көрінеді. Қымбат мейрамханадан гөрі мектептің акт залын таңдаған түлектер «Шығынсыз кеш» акциясын ұйымдастырды.
Айта кетейік, биыл елімізде 143 089 оқушы мектеп бітіруде. 77 мыңға жуық оқушы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген. Оның ішінде 7 500 түлек «Алтын белгіден» үмітті.