Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасын салдырды. Әкімдік мәліметінше, вакцинация клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде егілді, — деп хабарлайды әкімдік сайты.
Аймақ басшысы вакцина тиімді тестілеумен және қолданыстағы алдын алу шараларымен бірге пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құралға айналатынын атап өтті.
«Әлемдік сарапшылар қауіпсіз және тиімді вакцинаны жасау мен өндіруді жеделдету үшін көп жұмыс істеп жатыр. Қордай ауданында орналасқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ өзіміздің қазақстандық вакцинаны да әзірледі. Еріктілерге арналған клиникалық зерттеулердің алғашқы екі кезеңі сәтті өтті, жақсы нәтиже көрсетті және жанама әсерлер болған жоқ. Қазіргі таңда Таразда клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жүріп жатыр. Қазақстандық вакцина оң нәтиже көрсетіп, жаппай қолдануға ұсынылады деп үміттенемін», — деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, облыс әкімімен бірге Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожинге де отандық вакцина салынды.
19 желтоқсанда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңі басталған болатын.