Жамбыл облысында алтын кенін заңсыз өндіретін орын анықталды. Оны Мойынқұм ауданында 52 жастағы алматылық ұйымдастырған. Ер адам ұсталып, одан қару тәркіленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс болған жерді тексеру барысында полицейлер тіркелмеген 16 калибрлі бір ұңғылы аңшылық мылтығын тапты. Сондай-ақ, жарылыс жұмыстарын жүргізуге арналған қолдан жасалған сегіз тұтандырғыш тәркіленді.
«Анықталған факт бойынша ҚР ҚК-ның 287-бабы 3-бөлігі «Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлады полиция өкілдері.