Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдануда. Оқу www.apa.kz ақпараттық жүйесінде магистратураның 7 бағдарламасы мен докторантураның 2 бағдарламасының бірі бойынша онлайн форматта жүргізіледі. Академияға оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау биылғы жылдың 5 маусымына дейін жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.
-Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсетін мемлекеттік қызметшілер үшін көптеген бонустар мен мүмкіндіктер бар. Оларға лауазымдық жалақы деңгейіндегі шәкіртақы тағайындалады, кәсіби және тұлғалық құзіреттіліктерді арттыру, шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігі мен жатақхана қарастырылады ,-деді Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы Малик Асанов.
Ал, аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің саны мен құрамы жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков баяндады. Бүгінде өңірдегі жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілер саны 4195-ға жеткен. Бұл 91% құраса, орта кәсіби білімі бар қызметшілер 418 немесе 9пайыз.
Ал аймақта жергілікті органдар мен орталық атқарушы органдарда мемлекеттік қызметтегі штат саны 4945 бірлікті, нақты саны 4613 құрайды.
Жалпы Жамбылдағы мемлекеттік қызметте 2145 әйел жұмыс істейді, бұл мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 46,3% құрайды.
«Мемлекеттік қызметішлердің орташа жасы – 40 жас. Мемлекеттік қызметшілердің орташа мемлекеттік қызмет өтілі –12,2 жыл. Есепті кезеңде таза ауысымдылық көрсеткіші 1,5 пайызды немесе 77 қызметшіні құрайды. Биыл 1 тоқсанда облыстық мемлекеттік органдармен барлығы 312 бос лауазымдарға конкурс жарияланып, нәтижесінде 196 жеңімпаз анықталды.» деді, Е. Тұмабеков.
Облыста мемқызметкерлерді оқыту жағы оңтайлы жолға қойылған. Мәселен есепті кезеңнің ішінде жалпы 773 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланса, 283-i оқытылған. Ал тестілеуден өтуге барлығы 812 азамат өтініш білдірiп, олардың 333 (41%) тестілеудің шекті мәнінен өткен.