Биыл елімізде бірінші рет it-технологиялар арқылы ұлттық санақ өтеді деп жоспарланған. Ал Жамбылда ұлттық халық санағының бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Сырым Мадиев айтты, — деп хабарлайды Tarazy.kz порталы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Халық санағын өткізу мерзімі биыл 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығына белгіленді. Ал оны өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссия құрамы да бекітілген. Жалпы бұл ретте «Санақ бізге не береді?» деген сауалдың тууы заңды. Айта кету керек, санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін қажет.
«Алдағы санақ екі әдіспен интернет желісін және планшеттерді пайдалану арқылы өтеді. Жаңа IT-технологияларды пайдаланып санақ өткізу әдісі біздің елімізде бірінші рет жоспарланып отыр. Интернет-сауалнама кезінде азаматтар өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне электрондық санақ парақтарын мамандандырылған сайтта толтыра алады. Екінші әдіс санақтан өтпеген азаматтарды санақ персоналымен жаппай аралап шығып, мәліметтерді жинау үшін бағытталған», — деді С. Мадиев.
Спикер Жамбылда 1 маусымнан бастап осы айдың соңында аяқталатын ұлттық халық санағының бірінші кезеңі басталғанын айтып өтті. Қазіргі уақытта интерьюерлер тұратын халықты нақтылау бойынша үйлерді, тұрғын үйлерді және тұрғын емес үй-жайларды аралауды жүзеге асыруда. Айтулы шараның екінші кезеңі яғни қыркүйек-қазанда өтетін негізгі халық санағы Интернет-сауалнама және жаппай сауалнамаға бөлінеді.
©️©️©️
«Интернет-сауалнама санақ басталған кезден бастап қыркүйек айының 1-нен қазан айының 15-іне дейін 45 күнге жалғасады. Интернет-сауалнамаға кіру www.sanaq.gov.kz веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеу ЖСН, куәлік нөмірі, мобильдік телефон нөмірі, электрондық пошта, код және растау паролін енгізу арқылы іске асыру жоспарлануда. Телефон нөмірін енгізгеннен кейін респондент көрсеткен мобильдік телефонның нөміріне немесе электрондық поштаға растау кодымен SMS-хабар алады. Бұл мәліметтердің қайталануынан сақтайды. 2 кезеңде санақшылармен планшет арқылы он-лайн, офф-лайн режимде, оның ішінде интернет-сауалнамадан өткендерді қоса алғанда, деректерді жинауды жаппай аралау арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.» деді департамент басшысы.