Енді тұрғындардан түскен өтініштер 1 шілдеден бастап «Е-өтініш» ақпараттық жүйесіне енетін болады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев айтты.
Бұл жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің қабылдауына байланысты шыққан шешім. Аталған ақпараттық жүйе Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге аспақ.
«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі біріншіден өтініштерді автоматты түрде бөлуге, мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландырып, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға жағдай қалыптастырады. Екіншіден өтініш берушімен кері байланыс ұстап, мемлекеттік органдардың жұмысына баға беруге жол ашады. Үшіншіден мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің бәрінің бірыңғай базасын құруға мүмкіндік береді.
«Жүйенің ерекшілігі, ол 1 шілдеден бастап, өтініш беруші «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштің қарау барысын қадалау мүмкіндігіне ие болды. Қарапайым тілмен түсіндірсем ол әрбір азамат өзінің өтінішінің қарастырылуы қай деңгейде екен, мемлекеттік мекемедегі қай орындаушыға берілгені екен, қай деңгейде және қалай орындалып жатқаның бақылап отыруға мүмкіншілік береді. Осы процесстің бәрін телефон арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Бүгінгі күнге дейін ондай мүмкіндік болған жоқ. Адамдар өтінішін өткізіп, содан кейін жауабын алған кезде ғана білетін не болып жатқанын» деді, Қ.Жақыбаев.
Айта кететйік, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша Тараз қаласында 34 мекеменің тізімі жасақталды Атап айтқанда әкімдік аппаратында – 1, бөлімдер – 14, мәслихат – 1, жүз пайыз үлесі бар қарасты мекемелер – 3, ХККО – 3, құқық қорғау органдары – 8, қалалық мекемелер – 4. Қазіргі таңда өтініштермен жұмыс жасайтын қызметкерлері бар 682 жұмыс орны анықталып,барлық орындарға ақпараттық жүйе орнатылды.