Биыл Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 125 жыл. Даңқты шопан Мойынқұм ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. Жуырда Мойынқұм аудандық пробация бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен есепте тұрған сотталған азаматтар аудан орталығындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы мұражайға арнайы барып, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ерінің өмірімен кеңінен танысып қайтты.
Жалпы, музейде жинақталған көптеген материалдар өз заманында «Малшылардың маршалы» атанған қара жұмыстың қаһарманының жүріп өткен жолы туралы сыр шертеді. Ал Жазатаның өзі өмірлік тәжірибесі мен түйген ойларын қамтыған «Ұрпаққа ұлағат» атты кітабы баға жетпес құндылық.
Мойынқұм аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат — екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы арқылы есепте тұрған жастардың дүниетанымын қалыптастыру, оларды адал жолмен еңбек етуге шақыру екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Каипов,
Мойынқұм аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны