Танымал саясаткердің ұлы шетелдіктерге қазақ тілін екі айда үйретіп жүр

0

Саясаттанушы Расул Жұмалы Facebook парақшасында қазақша еркін сөйлей алатын шетел азаматының видеосын жариялады. Айтуынша, Иуан Смит есімді австралиялық жігітке екі айда қазақ тілін үйретіп шыққан өзінің ұлы Әли Жұмалы.

Әли Алматы қаласында дүниеге келген, 22 жаста. Қазақ мектебін тәмамдаған.

«Кезінде ұлдарым Қазақи ортада өскені үшін дипломатиядағы карьерамды тастағаным бар. Әрине, оған басқа да себептер болғанын жасырмаймын. Бүгінде Қазақ мектебін аяқтап Азамат бола бастаған құлындарыма қарап сол шешімім дұрыс болғанын тағы да көріп отырмын. Өмірімдегі ең басты жетістігім осы болар», – деп эазады саясаткер Facebook парақшасында.

Расул Жұмалы Иуан Смиттің қазақ тілі сабағын онлайн оқығанын айтады. Ол небәрі екі айдың ішінде тілді жоғары деңгейде меңгерген азаматқа қол соқты.

Алайда саясаттанушы қынжылысын да жасырмады.

«Мынау Иуан Смит деген Австралияның жігіті. Ұлым Али оған қазақ тілін интернет арқылы үйретіп, екі-ақ айдың ішінде кәдімгідей деңгейге көтерілді. Бәрекелді! Бірақ осыған қарап өмір-бақи Қазақстанда тұрып қазақша қақпайтындар қатты қынжылтады», – деп жазды Расул Жұмалы әлеуметтік желіде.

Видеода Иуан Смит қазақ тілін өзіне тіл үйрену ұнайтындықтан және Қазақстанға қыдырып келу мақсатында оқып жатқанын айтқан.

Оның ойынша, бір мемлекетте тұрсаң, сол елдің тілін білуге тырысу керек.

«Егер бір адам шет тілінде сөйлей алмаса, ол проблема емес. Бірақ адам шетелде тұрса, сол елдің тілін үйренуге тырысуы керек», – дейді ол.

Қазақша сөйлеген шетел азаматына сүйсінген желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.

«Қандай тамаша. Үйренген ұнайды депті. Тілді жақсы көрген адам үйренеді демек. Балаңыз шебер оқытушы екен», «Бәрі ниетке байланысты», деп жазды олар.

Иуан Смиттің мұғалімі Әли Жұмалы шетелдіктерге арнайы платформада қазақ тілінен сабақ береді. Оның студенттерінің қатарында Америкадан, Австралиядан, Филиппиннен, Австриядан онлайн оқитындар бар. Әлидің айтуынша, ол қазақ тілін шетел азаматтарына өзінің авторлық әдісімен үйретеді.

Қазақ тілін мүлде білмейтін студенттерге алдымен әріп үйретемін, одан кейін базалық сөздер мен тіркестерді (сәлем, сау бол, рахмет, т.с.с), етістіктің шақтарын меңгереді. Сіз бен сен-нің айырмашылығын біледі. Содан кейін үндестік заңына көңіл бөлеміз. Осыдан соң бірден сөйлем құрайды. Мен олардың бір сабақта сөйлем құрап, сөйлеп кетуіне уәде беремін», – дейді тіл үйретуші маман.

Әли Жұмалы осы күнге дейін 20 шетелдікке қазақша сөйлеуді үйреткен. Ол әрқайсының тіл үйренуге талпынысы жоғары болғанын айтады.

«Иуан Смит бұрын Мәскеуде тұрып, орысша біраз біліп алған. Қазір ол Сеулде оқып жатыр. Болашақта Қазақстанға келмекші. Одан бөлек келер жылы елімізге елшілікке қызметке келу мақсатында тіл үйреніп жүрген ерлі-зайыпты студенттерім бар. Көпшілігі Қазақстан туралы интернеттен біліп алып, қыдырып келуді жоспарлап жүргендер», – дейді Әли өз студенттері жайында.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.