Ел тәуелсіздігін алған жылдары Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі үйлер қаңырап бос қалып, тұрғындар жұмыссыздықтың салдарынан жан-жаққа көшіп кеткен болатын. Содан бергі 30 жылда Састөбе кенті қайта жанданып, бүгінде аудандағы алдыңғы қатарлы округтердің қатарына қосылды. Көшелер жөндеуден өтіп, көпқабатты тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, қаншама азамат баспанамен қамтылды. Кенттегі Састөбе зауытының да жұмысы қайта жанданып, бүгінде қаншама жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отыр.
Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздаған састөбеліктер ауыра қалса, аудан орталығы – Түлкібас ауылына сабылады. Ал аудан орталығы 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Осыны ескерген аудан әкімдігі биылғы жылы Састөбенің орталығынан бірден 75 адамды қабылдай алатын емхананың құрылысын жүргізуді қолға алған болатын. Қазіргі таңда емхананың құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Емхана құрылысы алдағы жылы толық аяқталып, ел иглігіне беріледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Састөбе кентінде үй кезегінде тұрған тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында 64 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, аяқталды. Таяу күндері аталған тұрғын үй баспана кезегінде тұрған отбасыларға берілетін болады.
Сондай-ақ, жер жер кезегінде тұрған тұрғындардың өтініштеріне сай кент шегіндегі 54,6 гектар жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда. Мұнда қазір газ, ауыз су, электр желісі тартылуда.
Сонымен қатар, биыл кент орталығындағы Мамыр, Желтоқсан, Рысқұлов, Тәуелсіздік, Мир, Сейдуалина көшелеріне түнгі жарықтандыру шамдары орнатылған. Оған қоса, кент орталығы мен Ынтымақ ауылының ауыз су құбыры жөндеуден өтіп, қосымша ұнғыма қазу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, кент орталығындағы Мұратбаев және Жібек жолы көшелеріне аяқ жол төселіп, тұрғындардың игілігі үшін стрит воркаут пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, кент аумағындағы тозығы жеткен 14 трансформатор ағымдағы жөндеуден өткен.