Жамбыл аудандық тарихи-өлкетану музейі мен №1 орта мектебінің тарих және география бірлестігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өскелең ұрпақпен елі үшін, жері үшін жанын берген батыр бабаларымыздың бірі Барақ Сатыбалдыұлына арналған «Бабалар аманаты» атты іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шарада мектеп оқушылары Барақ Сатыбалдыұлының өмірбаяны мен жасаған ерліктері туралы баяндады,сонымен қатар батырдың ұрпақтарынан аманат болып жеткен шапаны таныстырылды.
2014 жылы Абылай ханның шапаны Ұлттық музейге қойылды дегенде, араға үш жыл салып қазақтың төбе биі Төле бидің шапаны табылды дегенде қуанбаған қазақ болмаған шығар.Енді бүгін қазақ елінің тарихында белгілі батырлардың бірі Барақ Сатыбалдыұлының шапаны табылғанын жар сала отырып, дүйім жұртқа көрсеткелі отырмыз. Алдымен Барақ Сатыбалдыұлының тарихи ерлігі туралы біраз мәлімет бере кетейік. БАРАҚ БАТЫР Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі болған. Кіші жүздің Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан. Үстірттің Сам құмында дүниеге келген. Барақтың батыр атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шыққан.
XVIII ғасырдың 70 жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап,Жайық пен Еділ арасында қалмақтармен соғысқан. 1785-1792 жылдар аралығында Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте қол бастаған батырлардың бірі болған. Сырым Датұлының жақын серігі, Барақ батыр 3000 жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізген.Барон О.Игельстромның Барақ батырдың әскери күші туралы император Екатерина ІІ-ге жазған хатында баяңдалады.
Барақ батырдың тегеуірінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығына шек қойып, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді. Ол Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген. Барақтың есімі табын руының ұранына айналған. Оның ерліктері «Барақ батыр» тарихи дастанына арқау болған. Қазіргі таңда батыр бабамыздың шапаны атадан балаға мұра болып Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында Имағанбетов Нұртуған Имағанбетұлы есімді тікелей ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр.