Талас ауданы Қаратау қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, ізгі лебізін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда, тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары үздіксіз жүзеге асуда. Бұл мәселе қашан да мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қалады. Өңірде жыл сайын құрылыс қарқыны артып келеді. Шағын қалаларда, соның ішінде Қаратауда тұрғын үй қорын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Қаратауда бос тұрған 6 көпқабатты тұрғын үй қалып отыр. Оларды қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асады. Құрылыс-жөндеу жұмыстары тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, демеушілердің қолдауымен де орындалуда. Мысалы, «Қазфосфат» ЖШС бір тұрғын үйді қайта жаңғыртып, пайдалануға беріп отыр, «Talas Investment Company» ЖШС де бір тұрғын үйді қайта жаңғыртудан өткізуде», — деген облыс әкімі қуаныш иелеріне бақ-береке тілеп, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүрген №17 бес қабатты тұрғын үй 64 пәтерден тұрады. Мердігер – «Агроспецстрой» ЖШС. Жобалық құны – 482,7 миллион теңге. Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар.
«Бізді назардан тыс қалдырмай, қолдау білдіргені үшін мемлекетке үлкен рахмет айтамыз. Енді біздің өз баспанамыз бар. Бүгін біз үшін аса қуанышты күн»,-деді тұрғын Ғайша Жүнісова.
Бұл күні аймақ басшысы көрші тұрған бес қабатты №15 үйдің де пайдалануға беру салтанатына қатысты. «Қазфосфат» ЖШС ұзақ уақыт бойы бос тұрған 72 пәтерлі үйді қайта жөндеуге 1,2 миллиард теңге жұмсаған.
«Жақында ғана Қаратау қаласында «Қазфосфат» ЖШС қаражатына салынған «Тәуелсіздікке 30 жыл» жаңа саябағы ел игілігіне берілген болатын. Компания өз қызметкерлерінің жалақысын арттырды. Серіктестік әлеуметтік және қоғамдық пайдалы мәселелерді шешуге зор үлес қосуда», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
«Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Нұрхан Нұрланұлы компания қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде екендігін жеткізді. Облыс әкімі Талас ауданына жұмыс сапары барысында 25 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жұмысымен де танысты. Ғимаратта балаларды шығармашылық және физикалық дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұнда 30 қызметкер жұмыспен қамтылған. Бұдан кейін аймақ басшысы қайта жаңғыртудан өткен «Тәуелсіздік» саябағын аралап көрді.