Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузияда ұсталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтына сілтеме жасап.
«Жамбыл облысы бойынша аумақтық департамент ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағының, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау күдігімен Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қ.А. Сарытайға халықаралық іздеу жариялады.
Халықаралық ынтымақтастық аясындағы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Грузияның құқық қорғау органдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол ҰОБ – мен бірлесіп К.А.Сарытай Грузия аумағында ұсталып, қамауға алынды», — делінген хабарламада.
Антикордың айтуынша, қазір ұсталған адамды Қазақстан Республикасына экстрадициялау рәсімі жүріп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық қудалау органынан жасырынған адамдарды іздестіруге ерекше назар аударады.
Олардың көпшілігі қазақстандық сот төрелігі үшін қол жетімсіз болу шараларын қабылдайды және елден тыс жерлерде жасырынып жүр.