Жамбыл облысында жерге көмілген қару-жарақ табылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайт мәліметінше, 20 қаңтарда Жамбыл облысы ПД қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Жамбыл ауданы Қостөбе ауылы маңындағы алаңда қару-жарақ жасырылған жерді анықтаған.
«Белгісіз біреулер сегіз автомат пен оған арналған 17 оқжатар, бір граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, «Krall» маркалы мылтықты және бір пышақты қапқа салып, жерге көміп кеткен. Дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды», — деді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұржан Қалметов.
Бұған дейін Таразда тәртіпсіздік кезінде ұрланған қару-жарақтарды гаражында жасырған 23 жастағы тұрғын ұсталғаны хабарланған болатын.