ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Жамбыл облысында жұмыс бабындағы сапарда болды
Депутат бағдарламасы бойынша бірінші кезекте Тараз қаласының қасындағы Қостөбе ауылының тұрғындарымен кездесіп, қаланың кәріз-тазарту құрылыстарының өзекті мәселелерін талқылады. Мұндағы сүзгі жоба бойынша тәулігіне 43 мың текше метр суға есептелген болатын. Ал қазір мұнда іс жүзінде 70 мың м3 дейін су тазартылады, бұл жобалық қуатынан 1,5 есе артық. Қазіргі кезде тазарту қондырғыларынан шыққан жағымсыз иіс жақын маңдағы ауылдарға дейін жетіп отыр, ал сүзілгеннен кейінгі қалдық су жерасты суларына да араласуы ықтимал.
Ахуалды қарау және талдау барысында кәріз жүйесінің сарқынды суларын кешенді биологиялық тазарту жобасын зерделеу және келісу жұмыстарымен Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы айналысатыны анықталды. Алайда, қазіргі уақытта тазарту құрылыстарын салуды қаржыландыру мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр. Депутат кездесу қорытындысы бойынша бұл мәселені шешуге қол жеткізу үшін республикалық деңгейдегі уәкілетті органдар алдында көтеретінін айтты.
Абдалы Нұралиев Ашыбұлақ ауылының тұрғындарымен жүздесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларын талқылап, Сенат қабырғасында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сенатор сондай-ақ өңірдегі 13 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін магистральдық газ желісін аралап көрді. 2020 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 700 млн.теңгеден астам сомаға газ құбырлары салынған болатын.