Ерекше қабілеті бар балаларды әдетте құрсақта жатып біліп туған деп жатады. Соңғы кездері ғаламдар да айрықша дарынмен дүниеге келген балаларға «болашақтың кереметі» ретінде назар аудара бастады. Дәрігерлердің өзі өзгеше қасиетке ие балалардың гинетикалық құрылымының құпиясын ашу жолында ізденіп жатыр. Ғалымдар «Индиго балалары» деп атайтын вундеркиндтер Жамбыл жерінде де бар.
Күнтізбе бала – Заңғар
Талас ауданы Ақкөл ауылында «күнтізбе бала» атанып кеткен Заңғар Қалиұлын ақкөлдіктер жақсы біледі. Ол бес жылдық күнтізбені жатқа айтады. Яғни, бала Заңғар бұған дейін 2011-2015 жылдарға арналған күнтізбенің қай күні қай аптаға түсетінін математикалық дәлдікпен айта алса, бүгінде 2019-2022 жылдарға арналған күнтізбеден жаңылмайды. Баланың мұндай қабілеті 5 жасында оянған. Әкпесі Меруерттің 2015 жылға дейінгі күнтізбесі бар күнделігін арқалап жүрген Заңғар небәрі бірер күннің ішінде күнтізбені толықтай жаттап алған. Баланың мұндай қасиетін көрген жақындары бастапқыда сенбеген де екен. Алайда Заңғар келесі күні газет бетіндегі бір апталық телебағдарламаны жатқа айтып тұрғанда туыстарының таңданысында шек болмаған.
Заңғар соңғы екі жыл ішінде қандай оқиға болғанын, ауа райының өзгерісін де жатқа айта алады. Ол өз сыныптастарының туған күндерін келер жылы аптаның қай күніне түсетінін де дәлдікпен айтып таңғалдырып жүр.
Фотожадты қыз – Еркежан
Қаратау қаласының тумасы Еркежан Қайнарбек те ерекше қасиетке ие. Төрт жастағы бүлдіршіннің есте сақтау қабілетіне таңданбасқа шараң жоқ. Еркежанның бұл қабілеті екі жасында байқала бастаған екен. Өзге балалар енді ғана еңбектеп жүргенде Еркежанды анасы Ақнұр Қожахметова би үйірмесіне жазыпты. Ақнұр қызының теледидардағы билеп жатқан бишілердің биін мезетінде дәлдікпен қайталап жатқанын көріп, қызын би үйірмесіне берген.
Қазір Еркежан «Дарын» өнер мектебінде тәлім алады. Мұнда ол әлемнің әйгілі музыкалық шығармаларды пианинода ойнап та талайды таңғалдырып жүр.
Айрықша есте сақтау қабілетіне ие бүлдіршін бір көрген пейзаждарын жаттап қалып, қағаз бетіне сол қалпы түсіре алады. Анасы Ақнұр қызының осындай ерекше қасиетін ескере отырып, болашақта медицина саласына бағыттағысы келеді. «Қызымның фотожады адам өмірімен тікелей байланысты салаға орасан пайдасын тигізеді деп ойлаймын», – дейді Еркежанның анасы.
Екі жасында шетел тілін меңгерген – Батырхан
Мойынқұмда Батырхан Бекзатұлын ауыл-аймақ екі жасында ағылшын тілін меңгерген бала ретінде таниды. Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тұрғыны Гүлнұр Қазақбаеваның айтуынша, баланың бойындағы бұл айрықша қабілет екі жасында оянған екен.
– Бастапқыда баламның бойынан ешқандай ерекшелікті байқамадым. Алайда бір жасқа жетер-жетпес шағында тілі былдырлап шыға бастады. Содан таныстарымның кеңесімен I Bala атты мектепке дейінгі тәрбие беретін орталығына апардым. Ол араға бірер ай салып, ағылшынша сайрап шыға келді. Қазір логопедтердің кеңесі бойынша баламды ағылшын тілі курсына беріп жатырмын, – дейді Гүлнұр.
Анасы Батырханның өз жұмысына келген шетелдіктермен еркін сөйлесіп, түсінісіп отыратынын айтады. Тіпті, бір америкалық компания Батырханды шетелдегі арнайы мектепте оқытуға да ұсыныс жасаған екен. Жалпы, Қазақбаевтар әулетінде тағы бір дарын иесі бар. Гүлнұрдың інісі
Арман бес жасында «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, әріп таныған. Ал жеті жасқа толғанда романды толықтай жаттап алып, ғұлама Абайдың 100 өлеңін жатқа айтатын болған. Арманның анасы Рада Қазақбаева баласының талантын байқап, жастайынан Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектепке оқуға беріпті. Қазір жас вундеркинд сонда тәлім алып жүр. Ол математикадан республикалық пән олимпиадаларының шыңын бағындырып, ән байқауларында да үздіктер қатарынан көрінген.