Жамбылдық жастар Елдос Сметовпен кездесті

0

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында жамбылдық дзюдошы,  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері  Елдос Сметов  қала мектептерінің оқушыларымен және студент-спортшылармен кездесті. Тараз қаласының олимпиадалық резервті даярлау орталығында өткен кездесуді Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ұйымдастырды.

Атақты спортшы балалармен  әңгімелесуінде өзінің  олимпиадалық тұғырға апаратын  ұзақ және қиын жолы туралы айтты, өз жетістіктерінің құпияларымен бөлісіп, бірқатар кеңестер де берді.

Олимпиада жүлдегері  жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен шұғылдануға шақырды.

– Мықты денсаулық үшін спортпен белсенді айналысып, зиянды әдеттерден бас тартып, үнемі алдына мақсат қою қажет – деді дзюдошы Е.Сметов.

Жамбылдық дзюдошы  кездесуге қатысқандарға алдарына қойған мақсаттарына жетуде ешқандай қиындықтарға қарамай,  табандылықпен   ұмтылу қажеттігін айтты.  

Оқушылар спорт туралы, сондай-ақ спортшының жеке тәжірибесі туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

– Елдос Сметов сияқты атақты спортшыларды балалар жақсы білуі керек. Мұндай кездесулер адамгершілік және рухани құндылықтарды нығайтуға, жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Олар да биік белестерге ұмтылады, өз болашағына сенімді болады, – деді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.