Нұржан Нұржігітов Мойынқұмда

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Мойынқұм ауданына жұмыс сапары Ұланбел ауылдық округінен басталды. М. Әуезов атындағы орта мектептің жұмысымен танысқан аймақ басшысы оқу ордасын аралап көрді.

400 оқушыға арналған мектеп ғимараты 1966 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде нысанның тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді.

Қазіргі таңда 200-ге жуық бала білім алып жатқан оқу ордасында 35 педагог қызмет етуде.

Бала санының жыл сайынғы өсімін ескерген облыс әкімі мәселенің маңыздылығына назар аударып, келер жылы күрделі жөндеуден өткізу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аталған ауылдық округтегі №4 учаскелік полиция тірегінің жаңа ғимаратын көрді. Қызметтік үй-жай ретінде салынған нысан инспектордың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қарабөгет ауылдық округіндегі А. Байтұрсынов атындағы орта мектепке арнайы ат басын бұрған Нұржан Нұржігітов ондағы сынып бөлмелерінің, қазандықтың жай-күйі мен педагогтардың қызметтік жағдайынан хабардар болды. Оқу ордасында спорт залының жоқтығын алға тартқан мектеп басшылығының өтініші қарастырылатынын жеткізді.

Қылышбай ауылын сумен жабдықтау және тарату жүйесінің құрылысы 2019-2020 жылдары жүргізіліп, өткен жылы пайдалануға берілген. Суды тазарту мақсатында мембраналық қондырғы да орнатылғанымен жергілікті тұрғындар әлі де судың сапасына қатысты шағымдануда.

Облыс әкімі бірқатар қылышбайлықтармен кездесіп, олардың әрбірін мұқият тыңдады. Ауылдықтар қондырғының дұрыс жұмыс жасамайтынын алға тартып, лас су ішіп отырғандарына наразылықтарын білдірді.

  • Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды. Орнатылған қондырғыны реттеу, жұмысын жүйелеу үшін білікті, кәсіби кадр мәселесін шешу керек. Ол үшін өздеріңіздің ауылдың жастарын осы іске үйретіп, жұмыс істету маңызды. Сүзгіні уақытылы ауыстыру, тиісті қоспаны қосу секілді техникалық талаптарды сақтап, жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру кәсіби маманға байланысты.

Аудан әкімдігіне бір ай ішінде қондырғыны реттеп, қызметін дұрыстауды тапсырамын. Содан соң судың сапасын қайта қарайтын боламыз. Оған дейін таза ауыз суды тасымалдау ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда қосымша жерасты суларының қорын барлау-зерделеу жұмыстарын қайта жүзеге асыру, тұрғындардың қажеттілігін нақтылау үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Кінәлілердің жауапкершілігі қаралады,-дей келе Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Мойынқұм ауылы маңындағы Шу өзенінің бойындағы су өткізуді реттегіш қондырғысының құрылысы жобасымен танысты. Оның өткізу қабілеті секундына 40 текше метрді құрамақ.

Құрылыс жүзеге асқан жағдайда төменгі бөліктегі шабындықтарды сумен қамту, шайып кету мәселесінің алдын алады.

Екі жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан Бірлік ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр. Облыс әкімі жұмысы бекітілген кестеден қалып қойған мердігер бір апта ішінде құрылысты қолға алмаса, тиісті шара қолдану керектігін баса айтты. Аудан әкімдігіне заңға сәйкес әрекет етуді тапсырды.

Осы ауылдағы Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектебіне барған Нұржан Нұржігітов 1200 орынды білім ордасының бүгінгі жағдайынан хабардар болды. 1975 жылы іргесі қаланған мектеп ғимараты әлі күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенімен, қолдау таппаған. Аймақ басшысы қазіргі таңда 600-ден аса оқушы білім алып жатқан оқу мекемесінің бұл мәселесі қарастырылатын атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Бұрылбайтал, Мирный, Қияқты елдімекендеріне ауыз су тарту жобасының сызбасымен танысты. Жоба мембраналық қондырғы арқылы жүзеге аспақ. Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендердегі халық санын ескере отырып, бюджет қаражатын үнемді жұмсауға көңіл бөліп, көшелерге су калонкаларын орнатудың тиімділігін қарастыру керектігін жеткізді.

Биыл Мирный ауылы аумағынан «Табиғи тастан қаптау плитасын өндіру» зауытын іске қосу жоспарлануда. «Turan Industry» ЖШС директоры Талғат Искеновтің айтуынша, зауыт жылына 130 мың шаршы метр қаптау плитасын өндіруге қауқарлы болмақ. Кәсіпорын пайдалануға берілген соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда электр энергиясын тарту шаралары қолға алынуда десек, су құбырын жүргізу жұмыстары пысықталуда.

Аймақ басшысы барған келесі нысан – «ОРГСТРОЙ» ЖШС-нің гранит өндіріс орны болды. 2017 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорын былтыр 262,4 млн. теңгенін өнімін өндірген. Нысанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған десек, олардың орташа айлығы 150 мың теңгені құрайды.

Облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысумен түйінделді.

«Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова және жол учаскелері бойынша мердігерлердің басшылық өкілдері ағымдағы жағдай туралы баяндады. Жұмыстардың басым бөлігі негізінен осы жылы аяқталмақ.

Нұржан Нұржігітов құрылыстың сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес уақытылы орындалуына назар аудартты. Жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне де айрықша ден қою керектігін еске салды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.