Облыстағы дене шынықтыру және спорт басқармасының жетістіктері қандай?

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов салалық басқармалардың атқарған жұмыстары бойынша есебі мен жоспарын тыңдауды жалғастыруда.

Бұл жолы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков аймақ басшысына жетістіктер мен өзекті мәселелерді баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 67 спорт мекемесі жұмыс атқаруда, оның ішінде 51 спорт мекемесі басқармаға, қалған 16 спорт мекемесі аудан әкімдіктеріне қарасты.

Аталған спорт мекемелерінде 29 219 спортшымен тұрақты түрде 1 045 оқытушы – жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда облыста спорттың 72 түрі қамтылған.

Өткен жылы 629 спортшы түрлі дейгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болған. Оның ішінде, 265 спортшы Ұлттық құрама, 239 спортшы жастар құрамасы және 125 спортшы жасөспірімдер құрамасы сапында ел абыройын халықаралық спорт бәсекелерінде асқақтатып келеді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 35,4 пайызына жетсе, ағымдағы жылдың І тоқсаны бойынша 417,3 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 36,3 пайызын құраған. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде бұқаралық спорт жұмыстарына тың серпін беру мақсатында қолға алынған облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін облыста былтыр қосымша 96 спорт бойынша нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, олардың қатары 233-ке жетті. Оның ішінде 202 спорт нұсқаушысы аудандарда жұмыс атқарады.

Облыс әкімі осы орайда спорт нұсқаушыларының жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін зерделеуді тапсырды.

– Басқарма тарапынан спорт нысандары мен спорт нұсқаушыларының жұмысына жан-жақты талдау жүргізу қажет.  Нұсқаушылары ауылдық жердегі спорттық нысандарды қаншалықты тиімді пайдалануда, спортқа бейім тұрғындармен қай деңгейде жұмыс жүргізіп отыр? Ең алдымен кадрлардың кәсібилігін арттыру, сол арқылы сапалы қызметті қамтамасыз ету маңызды.

Мектептердің спорт залдары да келушілер үшін әрдайым ашық болу керек. Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың көрсеткішін нақты көтеру бойынша үйлесімді әрі жүйелі шаралар қажет,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, жиында спорт-мектеп интернатын ашу, ауылдарда спорт  кешендерін салуда бірыңғай жобалық үлгіні пайдалану, сол арқылы бюджет қаражатын үнемді жұмсау мәселелеріне көңіл бөлінді.

Аймақ басшысы жиынға қатысқан спорт мектептерінің басшыларын жетістіктері бойынша көрсеткіштерін, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Әлем және Олимпиада жеңімпаздарын шығару – басты талаптардың бірі екеніне назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.