М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алатын 15113 студенттің 4 572-сі биыл қолға диплом алып, үлкен өмірге қанат қағып отыр. Соңғы бес жыл ішінде университет 23000-нан астам маман даярлаған, — деп хабарлайды Тarazy.kz тілшісі.
«Былтырғы түлектердің 77 пайызы жұмыспен қамтылды»,- дейді аталған университеттің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов.
— Жастарды еңбекпен қамту – уақыт оздырмайтын, кезек күттірмейтін мәселе. Ал қолға диплом алып, кәсіпқой маман атанғандардың нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болуы – жұмыссыздықпен күрес мәселесінде қатар жүретін түйткіл. Себебі нарықтық қатынастар кезеңінде жұмыс беруші сапалы білім алған, білікті кадрды талап етуге құқылы. Бұл еңбек өнімділігі әрі мекемелер мен кәсіпорындардың ішкі қорына үнем жасау үшін қажет. Қазір бұрынғы кеңестік кезеңдегідей, одан берідегі тоқырау жылдарындағыдай бір бөлімде бір адам жұмыс істеп, қалған үшеуі соның көлеңкесінде жалақы алып отыратын кез емес. Жұмыс беруші төртеудің орнына білікті екі кадрды ғана қалдырып, қалған екеудің айлық жалақысын қолынан іс келетіндерге үстемақы ретінде қосып беремін десе де еркі.
Ал Халықаралық Тараз инновациялық институтынан биыл 3 мыңға жуық студент дипломын алды. Бұл оқу орнында білім алған студенттердің де жұмысқа тұру көрсеткіші 70 пайыздың төңірегі екен. Оқу ордасының басшылығы соңғы жылдары институтта студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 500 орындық студенттік жатақхана, «OPEN SPACE» (оупен спейс) форматындағы кітапхана, Студенттердің шығармашылық орталығы, «Қысқы бақ» кешені, заманауи үлгідегі аквакультура ашылғанын айтады. Биыл бұл жоғарғы оқу ордасы 100 орынға грант бөліпті.
Бүгінгі таңда өңірде 258 мың жас бар. Жамбыл облысында жастар арасындағы құқықбұзушылықтар көбеймесе, азаймай тұр. Жыл басынан бергі бес айда жастардың қатысуымен 370 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл ретте 210 жасөспірім және 139 қолайсыз отбасы есепке алыныпты. Мұның негізгі себебін мамандар жұмыссыздықпен байланыстырады.
Енді осынау жоғары оқу орындарын аяқтаған жастардың қоғамнан өз орнын тауып, «бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланып» кеткені керек. Қалай болғанда да, жастар жұмыссыз қалмауы тиіс қой.