БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қоғам тарапынан көп көтерілетін әрі көпшіліктің көкейіндегі кадр мәселесіне де тоқталды.
— Бұл тұрғыда біз меритократия принципін нығайтуға баса мән берудеміз. Соңғы тағайындаулар соның айғағы!
Бұл ретте, басшылық қызметте біршама ысылған, жас, өңірден шыққан азаматтар тағайындалып жатқанын айта кеткен жөн,-деді аймақ басшысы.
Талдау көрсеткендей, соңғы 3 айда облыстың жергілікті атқарушы органдарында лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, төменгі лауазымдағы 55 мемлекеттік қызметші бос тұрған жоғары лауазымдарға орналасты.
4 жетекші маман бас маман, 26 бас маман бөлім басшысы, бас инспектор, сектор меңгерушісі, 7 бас инспектор бөлім басшысы, 10 бөлім басшысы аппарат басшысының орынбасары, басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, аппарат басшысы, округ әкімі, 1 орынбасар басқарма басшысы, 3 басқарма басшысы аудан әкімі лауазымдарына тағайындалған.
— Қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені, олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Ондағы мақсат, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз жанұяларға жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру.
Бізге жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет! Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек.
Бөлінген бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстармен шектелуге болмайды. Бюджет қаражатын тиімді игеру – біздің қызметтік міндетіміз!
Әкімдер инвестициялар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керек,-деді Нұржан Нұржігітов.