Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қызметінен кетті. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Құрметті тараздықтар, қадірлі жерлестер! Міндеттің басталатыны сияқты, аяқталатын да кезеңі болады. Ол — заңдылық. Сондықтан мен өзімнің Жамбыл жеріндегі қызметімді тоқтатып, тағы бір өмір белесінен өттім», — деп жазды Ержан Жылқыбаев.
Ол 1 жылдан аса облыс әкімінің орынбасары ретінде 9 басқармаға жетекшілік еткенін, ал былтыр наурыздан бастап Тараз қаласының әкімі болып тағайындалғанын айтты.
«400 мыңнан аса тұрғыны бар облыс орталығына басшы болу — халықтың әл-ауқатын жақсарту, сан-салаға серпін беру, қаланы көркейту, халық сенімінен шығу сияқты міндеттерді жүктеді. (…) Баршаңызға алғыс білдіремін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жақсы күндерде көрісейік, ағайын», — делінген жазбада.
Еске салайық, 2021 жылы наурызда Ержан Жылқыбаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған еді.